Павлодар облысында жол-көлік апаттары азайды

Өткен жылмен салыстырғанда ЖКО 24,7 %-ға төмендеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
– Биылғы жылдың он айы ішінде жолдағы 885 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Былтыр 511 болған еді. Оның ішінде 67 қаза тапты, 487 адам зардап шекті, – деді Жасқайрат Қайыров. – Балалардың жарақаттануы 25%-ға және көз жұмған балалар саны 62,5%-ға азайды.
Оның сөзінше, ЖКО-ның негізгі себептеріне қозғалыс жылдамдығының артуы, қарсы қозғалыс жолағына шығу және мас күйінде көлікті басқару жатады.
– Жыл басынан бері патрульдік полицияның саптық бөлімшелері 106 мың қозғалыс ережесінің бұзушылығын анықтады. Көлік құралдарын мас күйінде басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке 1176 адам тартылды, ал мас күйінде көлік басқарғаны үшін ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке 66 жүргізуші тартылды, – деді спикер.
Жасқайрат Қайыров облыста жол қозғалысының қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында жалпы қолданыстағы жолдар тексеріліп жатқанын атап өтті.
– Биыл жолдарда 2 271 ақау анықталып, олқылықтарды жою бойынша 1169 нұсқама берілді. Сондай-ақ, 239 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды, – деді ол.
Ал «Казахавтодор» АҚ Павлодар облыстық филиалымен бірге жүргізілген тексеру нәтижесінде жол-көлік оқиғалары жиі болатын төрт апатты-қауіпті учаске анықталған болатын. Филиалмен бірге республикалық жолдардың учаскелерінде апатты-қауіпті учаскелерде жануарлардың 15 макеті орнатылып, ұзындығы 18,5 шақырым болатын асфальт бетонды жабындысы бар алты көше жөнделді.