Павлодар облысында жүргізушілер көбінесе қауіпсіздік белдігін тақпайды
Өңірде бір айда 6000-ға жуық көлік жүргізуші жол ережесін бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оның ішінде қауіпсіздік белдігін тақпайтындар көш бастап тұр. Қаланың патрульдік полиция қызметкерлері бір айда жол қозғалысы ережелерін алты мыңнан астам бұзушылықты анықтады.
– Автокөлікті мас күйінде басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу болып табылады. Оларды сақтамау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, – деді ППБ командирі Айдар Сламбеков.
Сондай-ақ, сала маманы көлік фараларындағы шамдарды ксенонға алмастыру да ереже бұзушылыққа жататынын атап өтті.
Айта кетейік, бір ай ішінде мас күйінде автокөлікті басқарғаны үшін 131 жүргізуші ұсталды. Қауіпсіздік белдігін елемегендер саны – 549, жаяу жүргіншілер өткелдерінде жаяу жүргіншілерге жол беру талаптарын орындамауға байланысты – 485 бұзушылық, ал бағдаршамның тыйым салу сигналына өткен 207 жүргізуші анықталды.