Павлодар облысында қырағы такси жүргізушісі зейнеткер әйелді алаяқтардан құтқарды
Зейнеткер «энергоорталықтанбыз» деп таныстырған алаяқтардың арбауына түсе жаздады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Есептегішті тексеру және пломбалау туралы айтқандарына сенген әйел сілтемелер арқылы өтіп, қылмыскерлерге 8,5 миллион теңге бермек болған.
Өздерін энергокомпания қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар зейнеткерге қоңырау шалып, есептегішті тексеру мен пломбалау жүргізілетінін айтып, «1414» сервисінен келген кодты жұмыс үшін қажет деп айтуын сұраған. Еш күмәнданбастан, әйел аталған кодты хабарлаған. Біраз уақыттан соң оған өздерін банк қызметкерлері деп таныстырған белгісіздер қоңырау шалып, алаяқтар зейнеткердің ақшасын иемденбек болып, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екенін айтқан. Сондай-ақ, сол күні курьер келіп, ақшаны алып кететінін жеткізген.
Зейнеткер ойланбастан есепшотынан 8,5 миллион теңге шешіп алып, келесі нұсқауларды күткен. Кейін оған ақшаны такси жүргізушісі арқылы беру туралы «нұсқау» берілген.
– Кешке маған бір «сәлемдемені» алып кету туралы тапсырыс түсті. Барсам, жөнелтуші – жасы үлкен әжей екен. «Не беріп жатырсыз, кімге?» деп сұрадым. Ол түсініксіз жауап беріп, асығып, қатты абыржып тұрды. Күдіктеніп, әжейді таксиге отырғызып, полиция пунктіне апардым. Бұған дейін полиция қызметкерлері осындай алаяқтық схемалар туралы ескерткен еді, сондықтан бәрін полиция тексергені дұрыс деп шештім, – деді такси жүргізушісі Алексей Бортовой.
Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр.
– Полицияның жедел әрекеттері мен такси жүргізушісінің қырағылығының арқасында ірі көлемдегі алаяқтықтың алдын алып, ақшамды қайтарып алдым, – дейді Павлодар қаласының тұрғыны Галина Андреевна.
Полиция тұрғындарды тағы да барынша сақ болуға шақырады: ешбір мемлекеттік орган ақшаны «сақтауға» алмайды және курьер жібермейді. Мұндай кез келген қоңырау алаяқтық болып табылады.