Павлодарда кімдер көбірек жол жүру ережелерін бұзады?

Аталған рейтингте жаяу жүргіншілер көш бастайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары қызметтік автомашиналарда және апаттық-қауіпті учаскелерде орнатылған мобильді аппараттық-бағдарламалық кешендерді барынша пайдалана отырып, жол жүру ережелерін бұзудың жолын кесуге, сондай-ақ облыстың апаттық учаскелерінде жасақтар мен автопатрульдердің тығыздығын арттыруға назар аударады.
–Бүгінде өңірде жол қозғалысын бақылау жүргізіледі және жолда 20 автопатруль мен 243 полиция жасағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Тек бірінші күні ғана 320 жол ережесін өрескел бұзушылықтардың жолын кесті, оның 57 -сі – жол бөлігін белгіленбеген жерде жүріп өткен жаяу жүргіншілер, – деді департаментте.
Рейтингте жаяу жүргіншілер көш бастаса, екінші орында жарық кезінде жарықты пайдалануды бұзған 47 жүргізуші, соңғы қатарда жолаушыларды тасымалдау ережелерін сақтамаған 44 жүргізуші тұр.
Естеріңізге сала кетейік, 18-21 ақпан аралығында өңір аумағында жолдардағы апаттылық деңгейін төмендетуге, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.