Павлодар облысында қырыққа жуық ата-ана жауапқа тартылды
Олар бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 22-24 қыркүйек аралығында "Жасөспірім" Республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Шараның негізгі мақсаты - жасөспірімдер қылмысының алдын алу және ескерту бойынша жұмысты күшейту, білім беру ұйымдарының оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстың алдын алу.
Жедел-профилактикалық іс-шара аясында 38 ата-ана бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылса, кәмелетке толмағандардың бұзақылық жасауының 7 фактісі және кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдіктерді ішуінің 6 фактісі анықталды.
- Железин ауданының полицейлері тұрғылықты жері бойынша жасөспірімдердің отбасын тексерді. Онда бір отбасында балалардың анасы бес баланы тәрбиелеумен айналыспай, алкогольді ішімдік ішетіні анықталды. Бұл отбасы қазірдің өзінде полицияда есепте тұр. Анасы ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеру нәтижелері кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қаралды, онда балаларды мемлекеттік мекемеге уақытша жіберу туралы шешім қабылданды. Сондай - ақ, ананың маскүнемдігінен мәжбүрлеп емдеу мәселесі шешілуде, - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары жүргізген рейд нәтижесінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде қыдыруының 125 фактісі анықталды.
Полицейлер ата-аналарға жасөспірімдердің тек сағат 23.00-ге дейін, ал ойын-сауық орындарында сағат 22:00-ге дейін жалғыз жүре алатынын еске салады.