Павлодар облысында үш ауылдық округтің жаңа әкімдері сайланды

Павлодар облысында үш ауылдық округтің жаңа әкімдері сайланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әкімдердің біреуі – 29 жаста, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

16 ақпанда Қалқаман, Жалаулы, Алакөл ауылдық округтерінде әкімдер сайланды. 

Ақсу қаласы Қалқаман ауылдық округінде сайлаушылар тізіміне 2277 азамат енгізілді. Дауыс беруге 1407 сайлаушы, оның ішінде дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 29 адам қатысты. Аумақтық сайлау комиссиясы қорытындылармен бөлісті. Жалпы үш кандидат сайлауға түсті. Нәтижесінде Қалқаман ауылдық округінің әкімі болып 29 жастағы Әділбек Қасенов сайланды. Ақсу қаласының ТҮКШ және АЖ бөлім басшысының орынбасары үшін 900 дауыс берілді. 

Сол күні Железин ауданы Алакөл ауылдық округі әкімінің сайлауы да өтті. Сайлаушылар тізіміне 355 азамат енгізілді. Дауыс беруге 244 сайлаушы, оның ішінде дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс 6 адам қатысты. Кандидаттардың жалпы саны – 3.

Сайлау қорытындысына сәйкес бұған дейін де Алакөл ауылдық округінің әкімі болған 39 жастағы Татьяна Метлушко сайланды. Ол үшін 190 дауыс берілді. 

Бұдан бөлек Жалаулы ауылдық округі әкімінің сайлауы өткен болатын. Сайлаушылар тізіміне 580 азамат енгізілді. Дауыс беруге 381 сайлаушы, оның ішінде дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 8 адам қатысты. Кандидаттардың жалпы саны – 2.

Сайлау нәтижесі бойынша Жалаулы ауылдық округі әкімі болып 39 жастағы Абай Шамшиденов сайланды. Ақтоғай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы үшін 320 дауыс берілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында қандай ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтетінін жазған болатынбыз. Биыл алғашқы сайлау кеншілер шаһарына қарасты округте өтті.