Павлодар облысының үздік жедел уәкілі атағы кімге бұйырды?
Облыста қылмыстық іздестіру қызметінің құрылғанына 108 жыл толуына орай «Үздік жедел уәкіл – 2026» кәсіби байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқауға өңір полициясының жедел бөлімшелерінен сегіз қызметкер қатысты. Сайыс барысында олардың кәсіби білімі, дене дайындығы және практикалық дағдылары сыналды.
Қатысушылар 100 және 1000 метр қашықтыққа жүгіріп, кермеге тартылудан бақ сынады. Сонымен қатар, кедергілер жолағын еңсере отырып, атыс жаттығуын орындады. Қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңнамасы мен нормативтік-құқықтық актілерін білу деңгейі де тексерілді.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Павлодар облысы полиция департаментінің криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Асылбек Смағұлов иеленді. Екінші орынға Павлодар облысы полиция департаментінің криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Владислав Ермолаев, үшінші орынға Оңтүстік полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Руслан Нусупов ие болды.
Кәсіби байқау жедел бөлімшелер қызметкерлерінің даярлық деңгейін бағалап, олардың практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ іс-шара қылмыстық іздестіру қызметінің қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын көрсетуге бағытталды.
Айта кетелік, Асылбек Смағұлов өңір намысын республикалық «Үздік жедел уәкіл» байқауында қорғайтын болады.