Павлодар облысының 20 мың оқушысы «Қара жорға» биінде бірлік көрсетті

Павлодар облысының 20 мың оқушысы «Қара жорға» биінде бірлік көрсетті
Фото: облыстық білім басқармасынан

21 наурыз күні Павлодар өңірінде Наурызнама онкүндігі аясында «Ынтымақ» күні ерекше рухпен аталып өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдің 20 мың оқушысы мен М.Қатаев атындағы Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері бір арнаға тоғысып, ауқымды флешмоб ұйымдастырды.

Бұл күні балалар үшін би – тек қозғалыс емес, жүректің үні, ұлттық рухтың айнасы болды. «Би – жүректің үні, ұлттың рухы» атты флешмоб аясында оқушылар қазақтың төл биі – «Қара жорғаны» бір мезетте билеп, ерекше әсерлі көрініс сыйлады.

Павлодар облысының 20 мың оқушысының бір уақытта қимылға келуі – шынайы бірліктің, татулық пен достықтың айқын белгісі болды. Әрбір қимылда – дәстүрдің ізі, әрбір ырғақта – ұлттың жаны сезілді. Көктемнің шуақты күнімен астасқан бұл көрініс көрермен жүрегіне жылылық ұялатып, Наурыз мерекесінің мәнін тереңдете түсті.

«Қара жорға» – тек би емес, ол ғасырлардан жеткен мәдени мұра, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани сабақтастықтың символы. Осы флешмоб арқылы жас буын ұлттық құндылықтарға деген құрметін білдіріп қана қоймай, ортақ дәстүр аясында біріге алатынын көрсетті.

Бұл игі бастама – жастардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайтып, ұлттық мәдениетті дәріптеудің жарқын үлгісі болды. Павлодар өңірінде өткен бұл ерекше сәт – Наурыздың шынайы рухын сездірген, жүректерді жақындастырған мерекелік көрініс болды.