Павлодар облысының ауыл спортшылары республикалық турнирде бес медаль жеңіп алды

Павлодар облысының ауыл спортшылары республикалық турнирде бес медаль жеңіп алды
Фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Жас спортшылар Астанада өткен «AUYL SPORT – 2026» жарысында бокс пен күрестен жүлдегер атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Астана қаласында ауыл мектептерінің оқушылары арасында «AUYL SPORT – 2026» республикалық турнирі өтті. Жарысқа Қазақстанның әр өңірінен келген жас спортшылар қатысып, бірнеше спорт түрінен бақ сынады.

Турнир қорытындысы бойынша Павлодар облысының өкілдері бір күміс және төрт қола медаль жеңіп алды.

Бокс жарысына еліміздің 17 өңірінен спортшылар қатысты. 43 келі салмақ дәрежесінде Кенжекөл ауылының өкілі Нұрлан Исмаил екінші орын иеленді. Ал Береке ауылынан келген Даниял Давитхан 46 келі салмақта қола жүлдегер атанды. 61 келі салмақ дәрежесінде Нұрбол Бабархан да үшінші орынға тұрақтады.

Күрестен Павлодар ауданы Заря мектебінің сегізінші сынып оқушысы Айдос Нұрланұлы 57 келі салмақта қола медаль жеңіп алды. 2012 жылы туған спортшыны Марат Темірбаев жаттықтырады.

Тағы бір қола жүлде Тереңкөл ауданының Береговое ауылынан келген Әлихан Самарбекке бұйырды. Ол 52 келі салмақ дәрежесінде үшінші орын иеленді. Жаттықтырушысы – Павел Марушкевич.

Сонымен қатар 14 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы үстел теннисі жарысында Павлодар ауданы Заңғар мектебінің сегізінші сынып оқушысы Ильхан Тілектас өңір намысын қорғады. Оны М. Г. Тәңірбергенов жаттықтырады.

«AUYL SPORT» жобасы ауылдық жерлердегі дарынды балаларды қолдауға, олардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасауға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.