Екібастұздық спортшы Абу-Дабиден бас жүлдемен оралды
Абу-Даби қаласында (БАӘ) өткен аралас жекпе-жек түрлерінен көк туымызды желбіретіп, алтын медальге ие болған Бектас Файзолла @Pavlodarnews.kz тілшісімен сұхбаттасып, Әлем чемпионатынан алған әсерімен бөлісті.
5-11 тамыз аралығында Абу-Даби қаласында (БАӘ) 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында IMMAF-2024 Әлем чемпионаты өтті. Жарысқа 52 елден 884 қатысушы қатысты. Қазақстан құрамасынан 26 спортшы, Павлодар облысынан үш спортшы сынға түсті.
Екібастұз қаласының №18 ЖОМ жыл түлегі, спортшы Бектас Файзолла бес жекпе-жек өткізіп, ММА Әлем чемпионы атанды.
– Мен 93 кг салмақ дәрежесінде чемпион болдым. Алғашқы қарсыласым джиу-джитсудан әлемнің күміс жүлдегері атанған Уаддах Абушейха деген араб болды. Оны еш қиындықсыз жеңдім, – дейді жеңімпаз.
Бектас Файзолланың айтуынша, кейін ирандық Мұхаммед махди Сарваримен, болгариялық Омар Хусейнмен, қазақстандық Елнұр Киакпаймен, ирландиялық Кайлум Личпен бақ сынасты.
– Шыны керек, жекпе-жек қиын болды. Бірақ бәрібір 87:84 есебімен жеңіс менікі болды. Барлығы жоспар бойынша қатаң түрде өтті, – дейді ол.
Спикер 7 жасынан бастап Екібастұз қаласының ММА «Yerengaipov Team» мектебінде жаттығады. Спортшының ата-анасы Баянауыл маңындағы фермада тұрады. Ол жаттықтырушылар құрамына, атап айтқанда Диас Ерғайыпов, Данияр Жүнісов, Ерасыл Тәңірбергенов, Сайхан Джемухаев, мектептің негізін қалаушы, ММА-ны белсенді дамытатын ұстазы Дархан Субековке үлкен алғысын білдіреді.
Бектас Файзоллаға Павлодар облысы ММА федерациясының президенті Айдана Темірова мен Павлодар облысының аға жаттықтырушысы Ринат Бахитұлы Абу-Дабиге бірге еріп, қолдау білдірді.