Павлодар облысының ауылында түрлі буын өкілдері бір сахнада ән шырқады
Песчаное ауылында «Золотое времечко» ансамблінің концерті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Песчаное ауылы мәдениет үйі басшысының міндетін атқарушы Әсел Кулибанованың мәліметінше, музыкалық кеште қазақ және орыс тілдеріндегі әндер орындалды.
Концертті ансамбль хоры «Қазағымның қанаты» әнімен ашты. Бағдарламаның ерекшелігі – сахнаға кәсіби және шығармашылық ұжымдармен қатар, өмірі мен еңбегі туған өлкемен байланысты ауыл тұрғындарының шығуы болды.
Көрермендер алдында Зайда Татина, Әсем Дәутова, Татьяна Тоғайбаева, Рашит Бектемиров, Биғайша Кушкинбаева, Бақытжан Гафарова, Данагүл Жүніс, Любовь Васильковская және Қазбек Темірғалиев өнер көрсетті.
– Музыкалық кеш түрлі мамандық пен буын өкілдерін біріктірді. Олардың барлығын әнге деген сүйіспеншілік пен өз өнерін көрерменмен бөлісуге деген ықылас тоғыстырды, – деді Әсел Кулибанова.
Кешке педагогтер, мәдениет қызметкерлері және шығармашылықпен айналысатын ауыл тұрғындары қатысты. Концерт көрермендерге таныс әндер мен ауылдастарының өнерін тамашалауға мүмкіндік берді.