Павлодар облысының бірқатар ауданында жол жамылғысы жаңарды

Ауылдар келбеті ажарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Май ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Баскөл ауылындағы ішкі көшелерге орташа жөндеу жүргізілді. Мердігер ұйымдар ауылдың сегіз көшесін асфальттады. Сондай-ақ, Жаңатілек, Бозша және Ақсарай ауылдарына кіреберіс жолдар жөнделді.
Шарбақты ауданында биылғы маусымда жалпы ұзындығы бес шақырым болатын бірнеше жол учаскесін жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда барлық жұмыстар толық аяқталды.
Жөндеу жұмыстарының сапасын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Павлодар облыстық филиалының мамандары бақылап отырды.
– Шарбақты ауылында жүргізіліп жатқан ішкі көшелердің күрделі жөндеу сапасын тексеру мақсатында орталық мамандары нысанға бес рет барып, пайдаланылған құрылыс материалдарынан сынама алды. Зертханалық сынақ нәтижелері материалдардың сапа талаптарына сай екенін көрсетті, – деді жолшылар.
Шалдай ауылында ішкі көшелерге күрделі жөндеуді «ИНЭК Казахстан» ЖШС жүзеге асырды. 1 Мамыр, Грибанов және Заводская көшелері қалпына келтірілді.
Успен ауданына қарасты Ковалевка, Қаратай, Қызылағаш, Қозыкеткен және Тобылжан ауылдарында ішкі көшелер асфальтталды.
Барлық жөнделген учаскелерден алынған сынамалар стационарлық жол зертханасында тексеріліп, сапа талаптарына сай екені анықталды. Жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталды.