Павлодар облысының оқушылары зиянды арамшөптерді зерттеді
Жас зерттеушілер циклаxена мен амброзияның таралуын тоқтату жолдарын экологиялық конференцияда талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде инвазиялық өсімдіктердің таралуын азайтуға бағытталған экологиялық жоба аясында ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, оқушыларға арналған танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жоба барысында мамандар жергілікті өсімдіктерге қауіп төндіретін бөгде түрлерді анықтау және олардың таралуының алдын алу жолдарын түсіндірді. Негізгі назар өңірде кең таралған циклахена мен амброзияға аударылды.
География ғылымдарының кандидаты, эколог, «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Могилюктің айтуынша, жобаның басты мақсаты – табиғатты қорғау жұмыстарына мамандармен қатар ауыл тұрғындарын да тарту.
– Біз ауылдарда кездесулер мен акциялар өткізіп, оқушылармен осы мәселені талқыладық. Зиянды өсімдіктердің таралуының алдын алу бойынша іс-қимыл алгоритмін әзірлеп, балаларға ұсындық. Олар алған білімдерін ата-аналарына жеткізеді деп үміттенеміз. Осылайша, тұрғындар мұндай өсімдіктерді қалай анықтап, олармен қалай күресу керектігін біле алады, – деді Светлана Могилюк.
Экологтар оқушыларға арнайы әдістемелік құрал да дайындады. Оның көмегімен балалар өздері тұратын аумақтағы өсімдіктерді зерттеп, мектепте ғылыми жұмыстар жүргізе алады.
Жобаның қорытындысы бойынша экологиялық конференция ұйымдастырылды. Онда оқушылар зерттеу жұмыстарын таныстырып, өз нәтижелерімен бөлісті. Үздік жұмыстардың авторларына бағалы сыйлықтар табысталып, қатысушыларға алдағы зерттеулеріне қажетті жабдықтар берілді.
Бұған дейін жоба аясында Ақсу мен Екібастұз қалаларында, сондай-ақ Аққулы, Ақтоғай, Успен, Шарбақты, Май және Баянауыл аудандарының орталықтарында зерттеу жұмыстары жүргізілген.
Мамандар аталған аумақтардағы бөгде өсімдіктердің таралу ошақтарын анықтап, жердің арамшөппен ластану деңгейін бағалады. Зерттеуге Торайғыров университетінің «Агротехнология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Виктор Камкин де қатысты.
Жиналған мәліметтер негізінде циклахена мен амброзияның таралу картасы жасалды. Онда арамшөптердің әртүрлі деңгейде таралған аумақтары белгіленіп, олармен күресу жөнінде ұсыныстар әзірленді.