Павлодар облысының жұмыскерлері арасында әр бесіншісі өнеркәсіпте еңбек етеді

Бұл туралы Асайын Байханов Сенатта мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Сенаттың «Еңбек адамы - ұлттық экономиканың өсуі мен ұлттың өркендеуінің негізі» тақырыбында өткен парламенттік тыңдауында баяндама жасады.
Аймақ басшысы Павлодар облысы еліміздегі өңдеу өнеркәсібі бойынша үздік үштікке кіретінін, сондай-ақ, шикізаттық емес экспорт көлемі бойынша 4-ші орында екенін атап өтті. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сонымен қатар, инвестициялардың өсу қарқыны бойынша республикада 3-орында, ал аграрлық сала бойынша – өңірлер арасында көшбасшылар қатарында.
– Өңірдегі экономикалық белсенді 405 мың тұрғынның әрбір бесіншісі өнеркәсіпте еңбек етеді. Ал 3,5 триллион теңгеге 84 жоба іске асырылғаннан кейін 12,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Бүгінде өңір өндірісіне бір мыңға жуық жұмысшы қажет, – деді Асайын Байханов.
Өндірістік қуаттылықты белсенді арттыру еңбек ресурстарын да ұлғайтуды талап етеді. Кәсіби дағдылар мен құзыреттерге қойылатын талаптардың тез өзгеруіне байланысты біліктілік теңгерімсіздігі бар. Көп жағдайда үміткерлерде технологиялық білім мен дағдылар жеткіліксіз болады. Инвесторлар мұны тәлімгерлік және жұмысшыларды қажетті деңгейге дейін жеткізу бағдарламаларымен шешуде.
Жаңа кәсіпорындарды кадрлармен қамтамасыз ету экономика мүддесі үшін бірегей білім беру жүйесін құруды талап етеді.
Облыс әкімі техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға, өңірде сертификатталған мамандар даярлауға жан-жақты тоқталып өтті.
Биыл жұмысшы мамандықтар бойынша 1 230 түлек оқуын аяқтап, жұмысқа орналасады. «Өңірлік кәсіптер атласы» жобасы аясында енгізілген жаңа мамандықтармен 8000 жуық студент қамтылды.
Аймақ басшысы кадр тапшылығы мәселесін қажетті жұмысшы мамандықтарға мамандарды оқытуды ұлғайту және олардың беделін арттыру арқылы шешу қажеттігін атап өтті.
Жұмысшы мамандықтардың тапшылығын шешу үшін білім алушылар санын 30%-ға арттыру жоспарлануда. Студенттер мен педагогтердің гранттары мен сыйлық ақысына, стипендияларына, тағылымдамалардан өтуіне 1,5 миллиард теңге бағытталады. Жеке сектордан қосымша ынталандыру шаралары қабылданды.