Павлодар облысының жастары қайда әскерге аттанды?
Биыл әскерге шақыру артиллериялық, танк, құрлық, сондай-ақ мобильді әскер түрлеріне басым жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Бекзат Оразовтың айтуынша, биыл облыстың 546 азаматы борышын өтеуге өз еркімен кеткен.
– Шекара қызметіне – 65 адам, Қазақстан қарулы күштеріне – 384, мемлекеттік күзет қызметіне – 10, ТЖМ құрылымдарына – 25 және Ұлттық ұланға – 220 азамат жіберілді, – деді ол.
Мерзімді қызметке шақыру тәртібі өзгеріссіз. 18 бен 27 жас аралығындағы, мерзімін кейінге қалдыруға немесе босату құқығы жоқ азаматтар әскерге шақырылады. Бұл талап «Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар туралы» заңның 30-бабында көрсетілген.
– Қазіргі кезде шақыру қағазы үйге жеткізілмейді. Хабарлама SMS арқылы жіберіледі. Егер азамат тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмаса, оны іздеу бойынша материал толтырылады. Әскерге шақырылушы әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, сонымен қатар айыппұл салынуы мүмкін. Ал әскерге жеткізу міндеті бізге емес, полиция органдарына жүктелген, – деді ведомство басшысы.
Әскери қызметтен жалтарғандар ҚР қылмыстық кодексінің 387-бабы бойынша жауапқа тартылады. Жаза ретінде 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, түзету жұмыстары немесе бір жылға дейін бас бостандығын шектеу қарастырылған. Құжаттарды қолдан жасау немесе алдау арқылы жалтару да осы бапқа кіреді.
– «Жалтарушы» деген – медициналық тексеруден өтіп, бөлімшеге бөліну туралы тапсырма алғанымен, қызметке барудан бас тартқан азамат, – деп түсіндірді Бекзат Оразов. – Мұндай жағдайда материалдар полиция департаментіне жолданады. Қазіргі уақытта нақты жалтарушылар жоқ, бірақ Павлодар қаласында 213, облыс бойынша шамамен 500 адам іздеуде. Олардың шамамен 100-і табылып, қызметке жіберілді.
Әскерге барған азаматтарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мерзімді қызметін өтегендер екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсе алады. Сонымен бірге Қорғаныс министрлігіне, ТЖМ немесе шекара қызметіне қарасты әскери оқу орындарында тегін білім алу құқығы бар.
Әскерге шақырылушылар үшін несиені тоқтату мүмкіндігі де бар. Әдетте несие өтеу мерзімі 12 айға, сондай-ақ әскерден келгеннен кейін бейімделу үшін қосымша екі айға тоқтатылады.