Павлодар облысының жайдарманшылары республикалық лигада ойнайды

Астана қаласында Республикалық жайдарман «Маусымашар-2025» ойыны өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Маусымға еліміздің әр өңірінен 400-ге жуық команда тіркеліп, бақ сынады. Тәжірибелі командалардың арасында Марғұлан университетінің атынан «Қалың малым 5 млн» қыздар командасы және «Марғұлан» ұлдар командасы қатысып, өнер көрсетті.
– Бес күнге созылған әзіл додасында университетімізден барған қос команда жақсы нәтиже көрсетіп, Талдықорған және Павлодар қалаларында өтетін Республикалық аймақтық лигасына жолдама алды. Осы жайдарман ойындарында өнер көрсеткен студенттер университеттегі «Jaidarman» ұйымының мүшелері. Жетекшілері – студенттік филармония директоры Абзал Абдоллаев пен «Muza» таланттар академиясы «Жайдарман» үйірмесінің жетекшісі Ильяс Конратбаев, – деді университеттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, «Jaidarman Creative Industries Ltd» ресми telegram-арнасының мәліметінше, республикалық аймақтық лигаға аталмыш командалардан бөлек екібастұздық «Қазақ қыздары», «ЕПК», «One House», «Бантиктер» командалары жолдама алды. «Qazaqstan Cup» лигасына павлодарлық «Made in Чехов», «Ертіс құрамасы» және екібастұздық «Бәкелер», «Екібастұз ұстаздар командасы» ұжымдары, ал Алматы қаласындағы «Jaidarman JUNIOR» лигасына облыстық «Жайылма құрамасы» командасы аттанады.