Павлодар облысының жолдары қысқа қаншалықты дайын?
Үш ауданда жолдарды күтіп ұстауға қаражат аз бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров мәлім етті.
– Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға облыстық және аудандық бюджеттен бір миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Қысқы уақытта жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында басқарма алты мердігерлік ұйыммен келісімшартқа отырды, – деді Қанат Қашкиров.
Аталған мердігерлік ұйымдар 218 жол техникасын, 3800 тонна көктайғаққа қарсы материал және 380 тонна жанар-жанармай дайындады.
Оның сөзінше, екі мың шақырымнан асатын аудандық жолдарға 383 миллион жұмсалады. Алайда үш ауданда – Павлодар, Май, Успен жолдарын күтіп ұстауға қаражат аз бөлінген. Дегенмен аудан әкімдері облыс әкіміне жылдың соңына дейін қаражаттары жетіп тұрғанын айтып, келесі жылда бюджетті нақтылаған кезде қажетті соманы арттыратынын атап өтті.
– Жол мәселесі өте маңызды. Жолды таза ұстау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ол біздің міндетіміз,– деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі салалық басқарма басшысына бұл тақырыпқа көңіл бөлу керектігін ескертті.
Бұдан бөлек, Железин, Баянауыл, Аққулы аудандарында жолды күтіп ұстау бойынша конкурстық рәсімдер әлі де аяқталмаған. Ал Тереңкөл мен Ертіс аудандарында қысқа қажетті техника жеткіліксіз. Аймақ басшысы бұл мәселелерді 20 қазанға дейін пысықтауды тапсырды.