Павлодар облысының Ассамблея жастары Абай өңірінің жастарымен кездесті
Олар патриоттық әндер айтып, сыйлықтармен алмасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚХА-ның 30 жылдығы және өңірлік Ассамблеялардың ынтымақтастығы аясында облыстық «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің мүшелері мен Павлодар облысы ҚХА-ның шығармашылық ұжымдары рухани және мәдени астана ретінде танылған Семей қаласына барды.
Павлодарлықтарды еліміздегі ең көне оқу орны – Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде жылы қабылдады. Ерекше атап өтерлігі, дәл осы Қазақстандағы алғашқы педагогикалық білім ордасының қабырғасында жастардың қоғамдағы этносаралық қатынастарды нығайтудағы рөлі, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру және жас ұрпақ арасында азаматтық патриотизмді дамыту тақырыбында мазмұнды диалог өтті.

Семейліктерге арнаған құттықтау сөзінде Павлодар облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, «Ассамблея жастары» РҚБ Павлодар облыстық өкілдігінің төрағасы Рамиль Смаилов өңірдегі ауқымды жобалар мен жастар бастамаларын іске асыру мәселелеріне тоқталды.
«Қоғамдық келісім» КММ-нің жастар ісі жөніндегі маманы Эльдар Захаров пен «Марғұлан университеті» КЕАҚ жанындағы Қазақстан халқы студенттік Ассамблеясының төрағасы Даниил Дзюба өз тәжірибелерімен және алдағы жоспарларымен бөлісті.
Ал «Oner 3D» аддитивті технологиялар орталығының директоры, «Abai IT Valley» трекері Тұрсынжан Әнет Маратұлы модельдеу технологиясы бойынша тәжірибесін ұсынды.
– Абай облысының жастарымен кездесудің басты мақсаты – жарқын жобалармен бөлісу болды. Келесі жылы бірлескен жобаны жүзеге асырамыз. Делегацияда 25 адам болды. Бірнеше этнос өкілдерінің қатысуымен оларға концерт қойдық. Мысалы, грек, корей, беларусь және славян орталығының солистері бірлесіп, квартет сияқты ән айтты. Павлодарлықтардың этнос өкілдері мемлекеттік тілде ән айтқаны семейліктерді тәнті етті, – деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүрия Кубенова.
Абай облысының жастары павлодарлықтарға Абайдың мүсіншесін сыйға тартса, қонақтар оларға Павлодар облысының көрікті жерлерінің альбомын табыс етті.

Семейлік әріптестер Павлодар облысы Ассамблеясы мүшелерінің ауызбіршілігі мен сөз бен істің ажырамастығына көз жеткізді.
Еврей, кәріс, белорус, татар, славян этностары өкілдерінің орындауындағы мемлекеттік тілде шырқалған «Қазақстан-бірлік пен татулық мекені» атты концерттік бағдарлама қазақстандық қоғамның өмірлік ұстанымы «Әралуандылықтағы бірлік» ұстанымының жарқын дәлелі болды.

Мұндай форматтағы кездесулер жастармен жұмысты одан әрі тиімді ұйымдастыруға өз әсерін тигізеді.