Павлодар облысының ауылдарында тұрғын үй құрылысына көзқарас өзгереді

Павлодар облысының ауылдарында тұрғын үй құрылысына көзқарас өзгереді
Фото: Константин Шелков

Бір жыл ішінде облыста 721 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі деп күтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Асқар Әжмұрат халықтың әлеуметтік осал топтарына баспана сатып алу жұмыстары туралы баяндады. Ол биылғы жылы жеке құрылыс салушылардан 721 пәтер сатып алу жоспарланса, оның 127-сі сатып алынғанын, қазіргі таңда 256 пәтердің құжатын рәсімдеу жүріп жатқанын хабарлады.

– Қалған 338 ғимараттың құрылысы әлі жүріп жатыр. Жұмыстардың 70-80 пайызы аяқталды. Қараша айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді Асқар Әжмұрат.

Бұл жағдай бойынша облыс әкімі Асайын Байханов бірқатар сұрақ қойды. Өңір басшысы қай аудандардың кестеден қалып қою қаупі барын сұрады. Бұл Железин және Май аудандары болып шықты.                           

– Міндетті түрде ол жерге барып, құрылыс барысын өз көзімізбен қарап шығуымыз керек. Мен өзім уақыт тауып барамын, - деді Асайын Байханов. – Тұрғын үй сапасына да назар аудару керек. Адамдар он-он бес жыл кезекте тұрып, нәтижесінде пәтердің сапасына көңілдері толмайды. Бұл әсіресе жеке меншік үйлерде жиі кездеседі. Сондықтан ауылдық жерлерде жеке меншік үй салу тәжірибесін шектеу керек. 

Облыс әкімі Жетекші ауылындағы жағдайға тоқталды. Онда тұрғындар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға салынып жатқан жаңа ғимараттардың сапасына шағымданды. Асайын Байханов павлодарлық басшылыққа аталған олқылықтарды жою жөнінде тапсырмасын қайталап, жауапты мемлекеттік органдарды да бұл іске атсалысуға шақырды.