Павлодар облысының оқу орындарында «Заң және тәртіп» айлығы басталды
Мектептер мен колледждерде кездесулер, лекциялар, дөңгелек үстелдер, тренингтер өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңіріміздегі барлық мектептер мен колледждерде құқықтық сауаттылық айлығы – «Заң және тәртіп» басталады. Бұл шара Оқу ағарту министрлігінің бастауымен және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткізіледі. Айлық барысында 115 мыңнан астам мектеп оқушысы мен 23 мыңнан аса колледж студенті түрлі құқықтық іс-шаралармен қамтылады.
Полиция мен басқа құқық қорғау органдарының өкілдері оқушыларға құқықтық нормаларды түсіндіріп, заң бұзушылықтың салдарын көрсетеді. «30 секунд заңы» онлайн-челленджінде оқушылар қысқа видеоролик арқылы құқықтары мен міндеттерін көрсетеді. Мектептерде құқықтық тақырыптағы сурет байқаулары мен «мектеп театрлары» фестивалі ұйымдастырылады.
Айлықтың басты міндеті – оқушылардың жауапкершілігін арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және қоғамда заңға құрметті насихаттау.
– Мектептер мен колледждерде әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Оқушылар полиция өкілдерімен бірге өткізілетін «Бірлік сабақтарында» құқықтық білім алады, өз құқықтары мен міндеттерін түсінеді. Ата-аналар үшін «Қаржылық жауапкершілік» тақырыбында лекциялар ұйымдастырылып, отбасыдағы қаржылық мәдениет мәселелері талқыланады, – деді облыстық білім беру басқармасында.
Айлықтың қорытынды кезеңінде «Тәртіп және жауапкершілік» атты мектеп театрлары фестивалі ұйымдастырылып, оған оқушылар, студенттер, құқық қорғау органдарының өкілдері және танымал блогерлер қатысады. Бұл шара жастарға құқықтық мәдениетті іс жүзінде тәжірибелеуге, жауапкершілікті сезінуге және заңға құрметті қалыптастыруға көмектеседі.
Айлық – бұл тек сабақ емес, нағыз тәжірибе: балалар өз құқықтары мен міндеттерін білуді, заңды құрметтеуді және қоғамда жауапкершілік сезімін дамыту мүмкіндігіне ие болады.