Павлодар облысының прокуратурасы балалар үйлерін тексере бастады
Кәмелетке толмағандарға көрсетілген қорлық осыған себеп болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері өңірде балаларға зорлық көрсетуге қатысты 30 қылмыс тіркелді. Оның жартысы педагогтердің тарапынан ашылған. Соңғы үш жағдай әлі статистикаға енгізілмеуі мүмкін. Олар туралы бір күнде – 22 қарашада белгілі болды. Бұл қылмыстардың екеуі ағайынды бала мен қызға қатысты болса, үшіншісі балалар үйінің тәрбиеленушісіне қатысты.
Облыстық прокуратурада хабарлағандай, прокурорлық тексерулер барысында балалар үйлері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған арнайы мекемелерде тәрбиеленушілер үшін міндетті медициналық тексерістер ұйымдастырылды. Медициналық тексерістерге 10-16 жас аралығындағы 105 қыз қатысты.
Прокуратурада атап өткендей, осындай медициналық тексерістер «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексімен және ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы бұйрығымен реттеледі. Тексерулер нәтижесінде 6 тәрбиеленушінің жыныстық жуыспаушылығының бұзылғаны анықталды.
Қазіргі уақытта бір жағдай бойынша Қылмыстық кодекстің 122-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тергеу жүргізілуде.
Қалған жағдайлар қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілерін анықтау мақсатында зерттелуде, егер жеткілікті дәлелдер табылса, полиция тиісті процессуалдық шешімдер қабылдайды.
Естеріңізге сала кетейік, облыстық полиция департаментінің басшылығы Майқайың кентінде кәмелетке толмаған колледж студенті мен оның мектепте оқитын інісіне қатысты қылмыстық істі ерекше бақылауға алды. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Железин ауданында ер адам өгей қызын зорлады деген күдікке ілінді. Отбасыда бес асыранды бала болған. Жасөспірімдер ересектердің сөзін тыңдамаған соң асырап алушылар олардан 2022 жылы бас тартқан. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті қыздың полицияға жүгінгенін біліп, өз-өзіне қол жұмсады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда.