Павлодар облысының құрылыс саласына жаңа бақылаушы тағайындалды

Павлодар облысының құрылыс саласына жаңа бақылаушы тағайындалды
Фото: Валерий Бугаев

Қазбек Арантаев басқарма басшысы болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында басшы ауысты. 

Өңір басшысы Асайын Байхановтың өкімімен бұл жауапты қызметке құрылыс саласында мол тәжірибесі бар маман Қазбек Арантаев тағайындалды. Енді аймақтағы құрылыс сапасы мен заңдылығын қадағалау тікелей осы азаматқа жүктеледі.

Қазбек Оразұлы – құрылыс саласының кәсіби маманы. Ол 2001 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оның еңбек жолының басым бөлігі нақты сектормен тығыз байланысты: 18 жыл бойы құрылыс және коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқарып, өндірістің ішкі механизмін жете меңгерді.

Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі соңғы жылдары қарқынды дамыды. Жаңа басшы осыған дейін Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімін басқарып, қаланың тыныс-тіршілігіне жауапты болды. Осы тағайындауға дейін ол Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің тізгінін ұстап, шаһардағы ірі нысандардың бой көтеруіне жетекшілік етті.

Тәжірибелі кадрдың келуі облыстағы сәулет-құрылыс бақылауының тиімділігін арттырып, құрылыс нормаларының сақталуын жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде. Аймақ басшысы жаңа басшыға нысандардың сапасы мен мерзіміне қатысты бірқатар нақты міндеттер жүктеді.