Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының репертуарына өзгерістер енгізілді
Өзгерістер ауа райының қолайсыздығана байланысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
16 қаңтарға жоспарланған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі бойынша драмалық қойылымы 27 қаңтар, 17:00-де сахналанады.
«Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін...» деп басталатын повесті аға ұрпақ кезінде жата-жастана оқығаны мәлім. Қазақ балалар әдебиетіндегі шоқтығы биік туындының желісі бойынша сахналанатын қойылымда Қожаның басынан өткізген оқиғалары, сондай-ақ достық пен мейірімділік сынды киелі ұғымдар дәріптеледі.
«Мұғалім» әлеуметтік драмасы
29 қаңтар, 16:00
Ұстаз. Ол – жүрегіне ғаламды сыйғызған тұлға. Әрбір сөзі – шәкіртке шамшырақ, әрбір ісі – болашаққа жол сілтер нұр. Бірақ оны ата-ана мен оқушы түсіне ме? Мұғалім тағдыры арқылы адалдық пен мейірімнің, арман мен үміттің, жауапкершілік пен жанқиярлықтың сырын ұғынуға болады. Бұл қойылым мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы мәселелердің шешімін табуға жол бастайды.
Авторы: Қолғанат Мұрат. Режиссері: Әділет Ақанов.
«Шәмші» спектакль-концерті
31 қаңтар, 17:00
«Шәмші» спектакль-концерті – сазгердің халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді деген сұраққа жауап қайтарады. Мың ғасырда бір туатын Шәмші мен Шабыт. Олардың тек екеуара ғана түсінетін әлемдері бар. Шәмшінің ішкі сыры әрбір жүректі толғайды. Анасының әлдиіне уынған тау тұлға, есейе келе ғашығы - Сағыныштың сазына қанығып, махаббат жайлы сыр шертеді. Өмірдің құлазытқан сәттеріне мойымай, мәңгілік әуендерді мұраға қалдырды.
Авторы: Нұркен Тұрлыбек. Режиссері: Әділет Ақанов.