Павлодар облыстық сотында жаңа судьялар таныстырылды

Облыс сотында сот төрағасының м.а. Серік Төлегеновтің төрағалығымен бейнеконференция арқылы жалпы отырыс өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оған сот алқалары төрағаларының, облыстық сот судьяларының, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшылығы қатысты.
Жалпы отырыстың салтанатты жағдайында ел Президентінің 2025 жылғы 23 қаңтардағы Жарлығымен Аққулы аудандық сотының төрағасы лауазымына тағайындалған Гүлнәр Мұхаметқалиева, Ертіс аудандық сотының төрағасы Сержан Щеглов таныстырылды.
Сондай-ақ, осы Жарлықпен Железин аудандық сотының судьясы лауазымына Алтынай Жиғампар және Павлодар қаласы мамандандырылған тергеу сотына Сәбит Әлжанов тағайындалды.
Жас судьялар ант қабылдағаннан кейін төрағалық етуші Серік Төлегенов судьяларды қызметке тағайындалуларымен құттықтап, жұмыстарына табыс, қызметтік міндеттерін адал атқаруларына тілектестік білдірді.