Павлодар полициясының қызметкері жеңіл атлетикадан жеңімпаз атанды
Астанада жабық үй-жайларда ардагерлер арасында жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оған еліміздің әртүрлі өңірінен және әртүрлі жастағы 190 спортшы қатысты.
Павлодар облысының атынан облыстық полиция ведомствосының қызметкері Әсел Әбдіраманова қатысып, команданың жалпы қоржынына алтын және күміс медальдар салды.
– Жарыс биіктікке, ұзындыққа секіру, ядроны лақтыру және эстафеталық жүгіруден тұрды. Бұл тапсырмалар қатысушылардан ептілікті, жылдамдықты және барынша назар қоюды талап етеді. Жарыс соңында жалпы командалық есеппен Павлодар облысы 38 алтын медаль жеңіп алып, бірінші орынды иеленді, – дейді департаментте.
Айта кетейік, Әсел Әбдіраманова - түрлі деңгейдегі, соның ішінде ведомстволық деңгейдегі бірқатар спорттық іс-шаралардың тұрақты қатысушысы.