Железин ауданының 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде

Айтулы мерекеге 16 киіз үй тігілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімінің орынбасары Райхан Усинаның айтуынша, мерейтойға дайындық бірнеше ай бұрын басталған. Бұл күнге орай аудан орталығында 16 киіз үй тігіліп, көршілес Ертіс, Тереңкөл, Шарбақты аудандары мен Ақсу қаласынан, сондай-ақ Железин ауданының ауылдарынан қонақтар арнайы келіп қатысты.
— Біздің басты мақсатымыз ауданның тарихын дәріптеп қана қоймай, халықты біріктіретін, жастарға үлгі болатын үлкен мерекелік жиын ұйымдастыру еді. Сондықтан ұлттық дәстүрлерімізге, мәдениетімізге, өнеріміз бен спортқа ерекше мән бердік, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Мерекелік іс-шара облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың құттықтау сөзімен ашылды. Ол Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың құттықтау хатын да оқып берді.
Өңір басшысы өз құттықтауында аудан халқының еңбегін ерекше атап өтті:
— Железин ауданы – тамыры тереңге тартқан тарихы бар, әлеуметтік-экономикалық дамуға қомақты үлес қосып келе жатқан астықты өңір. Бұл жерден елге еңбегімен танылған тұлғалар шықты. 90 жыл – уақыт өлшемімен бір ғана кезең емес, тұтас бір дәуір. Осы жылдар ішінде аудан халқы қажырлы еңбекті ту етіп, елдік мүддені биік ұстады. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, туған өлкеміздің өркендеуі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін, – делінген хатта.
Аудан әкімінің орынбасары Райхан Усинаның айтуынша, айтулы шара облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның концерттік бағдарламасы көрсетіліп, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Одан кейін облыстық деңгейдегі ақындар айтысы өтті. Жыр додасында аймақтың белгілі айтыскер ақындары бас қосты.
Ұлттық спорт ойындарына да ерекше көңіл бөлінді. Аудан ипподромында қыз қуу, жамбы ату, бәйге және түйе палуан күресі ұйымдастырылды. Бәйгенің жабық және ашық түрлері өтіп, аудан жігіттері мен басқа өңірлерден келген шабандоздар сынға түсті.
Сонымен қатар аудандағы шығармашылық ұжымдар өнерлерін паш етіп, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кешкісін елордадан арнайы келген Қазақстан эстрадасының жұлдызы Маржан Арапбаева ән шырқаған. Ал жастарға арналған көңілді бағдарлама павлодарлық диджей Pumba-ның қатысуымен жалғасып, мереке отшашумен аяқталды.
Мерейтой барысында ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарға түрлі марапаттар табысталды. Оның ішінде, Владимир Шнайдер– Железин ауданының Құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері – «Облыс алдындағы еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Данияр Бақауов, «Жұмабек Агро» шаруа қожалығының басшысы – Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Сағира Никитина, аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары – алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының үздік механизаторлары – Максим Юнгман, Юрий Жүсіпов, Владимир Асмус марапатталды.
Еңбегі еленгендердің ішінде ерекше атап өтер тұлға – Владимир Шнайдер. Ол 1973 жылы ауданға келіп, елу жылдан астам уақыт балалар дәрігері, лор-дәрігер, рентгенолог болып еңбек еткен. Жүздеген балаға қол ұшын созып, аудан халқының алғысына бөленген ардагер бүгінде аудан тарихымен бірге аты аталатын тұлғаға айналғанын айтты.
Железин ауданының 90 жылдығы – өткен тарихқа тағзым, бүгінгі күнге тағылым, болашаққа аманат.
Бұл мерейтой халықты бірлікке, елді сүюге, туған жерді қастерлеуге үндеді. Қуанышқа толы той аудан тарихына тағы бір жарқын белес қосты.
Фото: Амина Жеңіс