Павлодар тұрғыны ваннаны дұрыс боямағаны үшін ақшасын қайтарып алды
Ваннаның сапасыздығы үш айдан кейін белгілі болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, тұтынушы 35 мың теңге сомасына ваннаны қалпына келтіру, яғни ваннаны сұйық акрилмен жабу бойынша қызмет жалдаған. Алайда үш айдан кейін тұтынушы ваннаның сапасыз жасалғанын және ваннаның түбі кедір-бұдыр болып, үстінде тесіктердің пайда болғанын байқаған.
Тұтынушы мердігерге алдымен жаңадан қалпына келтіруді немесе 35 мың теңге қаражатты қайтаруды талап етіп, кейін жазбаша арызбен хабарласқан. Бұл компанияның өкілі тұтынушыға шығынды өтемейтін 8 000 теңге ұсынған. Жазбаша талап-арыз мердігерге келіп түскен, бірақ талапқа жауап заңда көрсетілген мерзімде берілмеген.
– «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» 35-бапқа сәйкес, тұтынушы орындалған жұмыста кемшіліктер анықталған жағдайда кемшіліктерді тегін жоюды немесе шартты бұзуға және залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы, – дейді департаментте.
Тұтынушының өтініші негізінде шағымға жауап берілмегені бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, тексеру барысында компания тұтынушыға 35 мың теңге көлеміндегі қаражатты қайтарды.