Павлодар жастары NASA-ның жаһандық хакатонында бақ сынайды

Үздік жобалар NASA сарапшыларына ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
4-5 қазан күндері Павлодар әлемдегі ең ірі халықаралық хакатон – NASA Space Apps Challenge-ке қатысады. Жыл сайын әлемнің 160 елінде 30 мыңнан астам қатысушыны біріктіретін бұл жаһандық ғылыми қозғалысқа енді Павлодар жастары да қосылмақ.
Қазақстанда хакатон бірден жеті қалада – Павлодар, Алматы, Петропавловск, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен және Оралда өтеді. Іс-шараны АҚШ Дипломатиялық миссиясы мен Chevron компаниясының қолдауымен Makerspace Expands! ұйымдастырады. Павлодардағы алаң болып Мейкерспейс таңдалды, онда оқушылар, студенттер және жас мамандар екі күндік интеллектуалдық марафонға жиналады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар NASA-ның нақты деректеріне негізделген міндеттерді шешуге жұмыс істейді.
– Олар климат пен экологияны зерттеуден бастап, жаңа технологиялық шешімдерді табуға дейінгі мәселелермен айналысады. Бұл тек идеялар байқауы емес, шығармашылықты, топтық жұмысты және болашаққа көзқарасты сынайтын нағыз сынақ болмақ, – делінген хабарламада.
Үздік жобалар жаһандық кезеңге өту мүмкіндігіне ие болады. Онда олардың жұмыстарын NASA, ESA, JAXA, CSA және CNES сарапшылары қарайды. Жаһандық турдың жеңімпаздары халықаралық ғарыш агенттіктері деңгейінде танылып, өз шешімдерін бүкіл әлемдегі ғылыми және инженерлік аудиторияға таныстыруға мүмкіндік алады.
– NASA Space Apps Challenge – бұл ғарыш пен әлемдік ғылым біз ойлағаннан да жақын екенін сезінуге мүмкіндік. Біз Павлодардың осы іс-шараны қабылдайтын қалалардың қатарына енгенін мақтан тұтамыз. Жастар үшін бұл өздерін және идеяларын халықаралық деңгейде танытуға берілген керемет мүмкіндік, – дейді Қазақстандағы NASA Space Apps Challenge жергілікті жетекшісі Әлихан Мәжітов.
Хакатон күздің жарқын оқиғаларының бірі болып, Павлодардың идеялар, технологиялар және талантты жастар қаласы ретінде танылуына ықпал етеді. Қатысу тегін, бірақ алдын ала тіркелу қажет. Сонымен қатар, арнайы чатқа қосылуға болады.
Өтетін орны: Академик Сәтбаев көшесі, 104, С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, 3-кабинет Makerspace.