Павлодар - Жетекші тас жолында жөндеу жүргізіледі
Аталған учаскеде алты шақырым орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста аймақ басшысы Асайын Байханов қала тұрғындары тарапынан Павлодар - Жетекші тас жолы бойынша көп наразылық туындап жатқанын және Майқайың - Сарыкөл тас жолдарында апаттық жағдай өршігуі мүмкін екенін атап өтті.
– Бұл жол арқылы жаз бойы туристер Баянауылға дем алуға барады. Жолды түземесек, апаттық жағдай туындауы мүмкін. Оның алдын алу үшін тиісті шаралар жүргізіп, ерекше бақылауға алу керек. Жоба шыққаннан кейін автомобильді жолдар комитетінің жұмысы назардан тыс қалмауы керек. Егер қаражат жағынан сұрақтар туындаса, министрлікке хабарласып шешейік, – деді аймақ басшысы.
«ҚазАвтоЖол «ҰҚ» АҚ филиалының директоры Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, Павлодар - Жетекші тас жолын жөндеуге мемлекеттік тапсырыс бойынша арнайы қаражат бөлінген. Қазіргі таңда тендер рәсімдерін өткізуге арналған құжаттар Астанаға жіберілген.
– Майқайың кентінен бастау алған Сарыкөлге дейінгі Қалқаман, Баянауыл, Үміткер, Ботақара бағытында 12 шақырым тас жолды, Қарағанды шекарасының 12 шақырым, жалпы 24 шақырым тас жолдарын жөндеу жұмыстарын жоспарлап отырмыз, – дедіфилиал директоры.
Оның сөзінше, 2024 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына бюджеттен жиырма миллиардтеңге қаражат бөлінді.
– Атамекен, Ақсу, Көктөбе, Үлкен Ақжар, Курчатов тас жолдарының195, 216 шақырым жөндеу жұмыстарын жалғастыруға ақша бөлінді. Былтыр мердігер компаниясымен келісімшартқа отырдық. Қазіргі таңда материал дайындау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді Ермұрат Нұрханов.
Айта кетерлігі, Қалқаман, Баянауыл, Үміткер, Урьяновск тас жолдарының 100, 105 шақырымын жөндеу жұмыстары мамыр айында аяқталады.
Еске салайық, Павлодар облысында үш жыл ішінде барлық ауылдарда кірме жолдар жөнделеді.