Павлодардағы балалар бассейнін жөндеу бір аптада аяқталады
Оқушылар сарайының жанындағы нысанда екі бассейннің кәріз жүйесі мен жабыны жаңартылып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков Оқушылар сарайының жанындағы бассейнде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Жөндеу 2 қыркүйекте басталған.
Нысанда үлкен және кіші бассейннің жабыны ауыстырылып, кәріз жүйесі жаңартылуда. Сондай-ақ суға қажетті реагенттерді мөлшерлейтін жүйе жаңартылады.
Бассейн өкілдерінің айтуынша, бұрын жоспарлы жұмыстар кезінде нысан шамамен бір айға дейін жабылатын. Жөндеу аяқталғаннан кейін бассейндерді сумен толтыруға да уақыт қажет болған.
– Бұл балалар бассейні болғандықтан, жұмыс сапасына ерекше назар аудару керек. Сапа мәселесін бақылауда ұстаймыз. Барлық жұмысты 25 қыркүйекке дейін аяқтау қажет, – деді Хасар Хабылбеков.
Жөндеу кезінде балалардың қауіпсіздігіне қатысты шешімдер де ескерілген. Бастапқы сметада кейбір учаскелерді кафельмен қаптау қарастырылғанымен, оның өткір қырларынан балалардың жарақат алу қаупі болған. Мердігер бұл бөліктерді жұмырлап жасаған.
Қала әкімі жауапты мамандарға атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.
Жөндеу аяқталған соң балалар бассейндегі жаттығуларын қайта жалғастыра алады. Қазір қала әкіміне ата-аналардан балаларды жөндеу кезеңінде басқа бассейндерге уақытша ауыстыру жөнінде өтініштер түсіп жатыр.