Павлодарлық тұрғын Іnstagram-да тыйым салынған діни материалдар таратқан

Павлодарлық тұрғын Іnstagram-да тыйым салынған діни материалдар таратқан
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ер адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылы тәртіп сақшылары діни қызмет туралы заңнаманы бұзудың 22 фактісін анықтаған. Оның ішінде экстремистік материалдарды сақтау бойынша – 11 фактінің, тіркелмеген діни бірлестікті құру мен оған басшылық ету бойынша – бір фактінің және діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де материалдарды заңсыз тарату бойынша 10 фактінің жолын кесті.  

– Облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Іnstagram әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу барысында Павлодар қаласының тұрғынынан діни сипаттағы материалдар, 300-ден астам жарияланым, бейнематериалдар анықталды. Жүргізілген дінтану сараптамасы олардың ішінде тыйым салынған материалдар бар екенін көрсетті, – деді Павлодар облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дәулет Макин.

Бұл бұзушылық үшін ер адам ҚР ӘҚБтК 453-бабы, 2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.