Павлодарда құрылыс нысандарына қойылатын талаптар күшейеді
Қала әкімі құрылыс алаңының бірін тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда құрылыс алаңдарынан шығатын лай мен батпаққа байланысты тұрғындардың шағымы көбейген. Осы орайда қала әкімі Хасар Хабылбеков кезекті жұмыс сапары барысында қаладағы құрылыс нысандарының бірін тексерді. Қала тұрғындары ауыр жүк көліктерінің дөңгелектері арқылы аталмыш құрылыс алаңындағы лай Естай көшесін ластап жатқанын айтып, наразылық білдірген.
Тексеру барысында қала әкімі құрылыс алаңынан шығатын көліктердің тазалығы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударуды тапсырды. Көліктер құрылыс алаңынан шықпас бұрын, дөңгелектерін міндетті түрде жуып, тазалау тиіс. Сондай-ақ нысан аумағында қоршау баннерлері, қорғаныш қалқандары орнатылып, жарықтандыру толық қамтамасыз етілуі қажет.
– Белгіленген талаптарды орындамағандарға қатысты қатаң шаралар қабылданады, қажет болған жағдайда құрылысқа берілген рұқсат құжаттарын кері қайтарып алу да қарастырылады, – деді Хасар Хабылбеков.
Осыған байланысты сәулет бөлімі мен патрульдік полиция қызметіне шаһардағы барлық құрылыс нысандарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Айта кетейік, талаптарды сақтамаған құрылыс компанияларына әкімшілік шаралар қолданылады.