Павлодарда құтқарушылар мұз үстінен адамды эвакуациялау жаттығуын өткізді
Оқу-жаттығу барысында көктемгі мұздың қауіптілігі мен қауіпсіздік ережелері еске салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Құтқарушылар тактикалық-арнайы оқу-жаттығу кезінде бөлініп кеткен мұз үстіндегі адамды құтқару сценарийін пысықтады.

Сценарий бойынша, балықшы мұз үстінде қалып, ағыспен төмен қарай ығыса бастаған. Оқиға туралы куәгерлер «112» қызметіне хабарлап, оқиға орнына жедел түрде аэроқайықпен құтқарушылар жіберілді.

Жаттығу барысында статист қауіпсіздік талаптарын сақтамай, құтқару кеудешесінсіз (жилетінсіз) шыққан. Мамандар мұзға шыққанда міндетті түрде 20 метрден кем емес арқан, ысқырық және арнайы біз алып жүру қажет екенін еске салды.

Құтқарушылардың айтуынша, көктемгі мұз алдамшы келеді: ол ылғалды сіңіріп, құрылымы өзгереді де, беріктігін жоғалтады. Мұздың қалыңдығы 50–60 сантиметр болса да, өте қауіпті.

Мамандар сондай-ақ көктемде мұздың ойылған жерлері тез жабылып қалатынын, бұл суға кеткен адамды іздеуді қиындататынын атап өтті.
Айта кетейік, биыл өңірде мұзға қатысты төтенше жағдайлар тіркелмеген. Соңғы қайғылы оқиға 2019 жылы Екібастұзда болған, онда желдің салдарынан мұз бөлініп, бір адам қаза тапқан.