Павлодарда қараусыз қалған велосипед қаскөйлердің оңай олжасына айналуда

Павлодарда қараусыз қалған велосипед қаскөйлердің оңай олжасына айналуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде велосипед ұрлығының саны күн санап артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Велосипед құнды мүлік болғанымен, тұрғындар оны сақтау кезінде қауіпсіздік талаптарын жиі ескере бермейді. Кей жағдайда екі дөңгелекті көлік қараусыз қалдырылса, енді бірінде оңай бұзылатын құлыппен бекітіледі. Мұндай немқұрайлылықты қаскөйлер пайдаланып кетуі мүмкін.

Велосипед ұрлығы көбіне оны қайта сату немесе бұзақылық ниетпен жасалады. Сондықтан полиция тұрғындарға бірнеше қарапайым сақтық шарасын ұсынады.

Ең алдымен, велосипедті қараусыз қалдырмаған жөн. Егер оны белгілі бір уақытқа қалдыру қажет болса, берік металл тросы бар сенімді құлыппен бекіту керек. Сондай-ақ негізгі бөлшектеріне арнайы белгі қою, велосипедтің техникалық құжаттарын сақтау және оның фотосын түсіріп алу керек. Бұл шаралар ұрланған мүлікті іздестіру кезінде маңызды рөл атқарады, - дейді тәртіп сақшылары.

Егер велосипед жоғалып кетсе, уақыт жоғалтпай полицияға хабарлау қажет. Сонымен қатар, оқиғаның нақты уақытын белгілеп, маңайда бейнебақылау камераларының бар-жоғын анықтаған жөн. 

Полиция қызметкерлері тұрғындарға қырағы болуды, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтауды және жеке мүлкін қорғауға қажетті шаралардың барлығын алдын ала қабылдауды ескертеді.

Айта кетелік, жыл басынан бері өңірде 79 велосипед ұрлығы тіркелген.