Павлодарда үш мыңнан астам жаңа камера қылмыстың алдын алды

Павлодарда үш мыңнан астам жаңа камера қылмыстың алдын алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері 27 мың құқықбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жедел басқару орталығы қазіргі кезде «қаланың жүрегі» қызметін атқарып тұр. Оннан астам монитор орнатылған бұл орталықтың мамандары Павлодардың кез келген бұрышын, көшесін, қиылысын бақылай алады. Бүкіл қала алақандағыдай көрініп, автокөліктерді, жолаушылар мен жүргіншілерді анық байқауға мүмкіндік бар.

– Бүгінгі күні облыс орталығында 117-ден астам негізгі бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Осы жылы қосымша үш мыңнан астам қоғамдық бейнебақылау камерасы орнатылып, толыққанды жұмысын бастады. Бұл жүйе даусыз дәлел болып қана қоймай, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алудың тиімді шарасына айналды, – делінген хабарламада.

Атап айтқанда, облыс орталығында қосымша үш мыңнан астам жаңа камера іске қосылуының арқасында, 2025 жылдың басынан бері 135 қылмыс ашылып, 27 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.  Камералардың көмегімен тіркелген бұзушылықтар қатарында қоқыс тастау, қауіпсіздік белдігін тақпау, рұқсат етілмеген жерде автокөлікті қою және бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту сияқты жиі кездесетін фактілер бар.