Павлодарда үздік студенттер мен сынып жетекшісі тегін демалысқа жолдама алды

Олар «Үздік топ» жобасының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Технологиялық колледжде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында екі жыл қатарынан «Үздік топ» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба студенттік ұжымдарды ұйымшылдыққа тәрбиелеуге, сабаққа қатысуды арттыруға және студенттермен мазмұнды жұмыс ұйымдастыруға бағытталған. Жастар Баянауыл ауданындағы «Баянтау» демалыс орнында демалады.
– Колледждегі оқу-тәрбие үдерісінің негізгі буыны — студенттік топ, – дейді тәрбие ісі жөніндегі басшының орынбасары Жаслан Сыздықов.
Оның айтуынша, студенттер уақыттарының басым бөлігін білім ордасында өткізеді. Ал, топ жетекшісі студенттік ұжымның қызметін үйлестіріп, оқытушылар мен студенттер арасындағы байланыстырушы рөл атқарады.
Топ жетекшісінің жұмысы тек оқу және тәртіп мәселелерімен шектелмей, топты басқаруда демократиялық қағидаларды енгізу мен өзін-өзі басқаруға жағдай жасауға да негізделеді.
«Үздік топ» жобасы колледжде 2024 жылдың қаңтар айында топ жетекшілерінің әдістемелік бірлестігі отырысында өзекті мәселелерді талқылау нәтижесінде енгізілген.
– Жобаға колледждің барлық топтары мен топ жетекшілері қатысады, – дейді Жаслан Сыздықов.
Топтар мен сынып жетекшілерінің қызметін бағалау үшінсабаққа қатысу, ата-аналармен жұмыс, білім сапасы, қылмыстың алдын алу, контингенттің сақталуы, іс-шараларға қатысу, спорттық бағыт, тағылымдама, жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастыру, жұмыспен қамтуды ұйымдастыру, жанжалды жағдайлар мен дауларды шешу, оқушылардың сыртқы келбеті секілді 12 түрлі бағалау өлшемшарттары әзірленген.
– Аралық нәтижелер әр айдың соңында қорытындыланады, – дейді ол.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ОП-011 тобы, жалпы 25 адам жеңімпаз атанды. Сынып жетекшісі – Мейірхан Айтбайұлы.
Айта кетейік, «Үздік топ» жобасының жеңімпаздары 22 бала, үш ата-ана және екі мұғалім, Баянауыл ауданындағы «Баянтау» демалыс орнына үш күн екі түнге тегін жолдама алды.