Павлодарда ұландықтар балалар үйінің тәрбиеленушілеріне есіктерін ашты

Іс-шарада оқушылар әскери өмірмен танысып, қару-жарақ көрмесін тамашалап, арнайы киімдерді киіп көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімі «Жас ұрпақ» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған ашық есік күнін ұйымдастырды. Шараның мақсаты – жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелеу және азаматтық борыш туралы түсінік беру.
Халықаралық балалар күніне орай өткен іс-шара аясында тәрбиеленушілер әскери бөлімнің саптық алаңында заманауи қару-жарақ пен киім үлгілерінен құралған көрмені тамашалады. Олар қару-жараққа қызығушылықпен қарап, арнайы киімдерді киіп көру мүмкіндігіне ие болды.
Шара барысында балалар казарма ішін аралап, сарбаздардың тұрмысымен және әскери асханамен танысты. Сондай-ақ, оларға әскери тәртіп пен оқу-жауынгерлік дайындықтар жайлы ақпарат берілді.
– «Ашық есік» күні халықаралық балалар күні мерекесіне арналады. Себебі мерейлі мереке жыл көлемінде жоғары деңгейде аталып өтуі тиіс. Балаларға арналған мерекеден ата-ананың ыстық құшағына еніп көрмеген балалардың назардан тыс қалуы әлбетте қисынсыз. Тағылымды шара аясында оқушыларға әскери тәртіп туралы, сондай-ақ әскери қызметтің, жауынгерлік және оқу-жауынгерлік тапсырмалардың өту тәртібі туралы айтып түсіндірілді. Әскери-патриоттық тәрбие беру – жастарға өз елі мен Отанын сүюге үйрететін, оларды адалдыққа тәрбиелеудегі басым бағыттардың бірі болып табылады, – дейді 6679 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары жөніндегі бөлімше бастығы капитан Асхат Байдраков
Іс-шараға «Amanat» партиясының өкілдері де қолдау білдіріп, балаларға естелік сыйлықтар тарту етті. Балалар үйінің тәрбиеленушісі Катерина Павлова әскери броньды кеудешені киіп көріп, өзін минасыздандыру саласының маманы ретінде сезініп көргенін айтты. Ол болашақта шекара қызметінде қызмет атқарғысы келетінін де жасырмады.