Павлодарда ұлы классиктердің шығармалары шырқалады
Өтетін күні: 2024 жылғы 2 маусымда сағат 17.00-де, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
И. Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының симфониялық оркестрі филармония залында өтетін симфониялық музыка концертіне шақырады. Ұжымның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Рахымжанов.
Концерт бағдарламасында ұлы классиктердің шығармалары орындалады. Музыканттар Дж.Россинидің «Итальянка в Алжире» атты операсының увертюрасын көрермен назарына паш етеді. Композитордың 23 күнде жазып шығарған және алғаш рет 1813 жылы 22 мамырда Венецияның Сан-Бенедетто театрында қойылған бұл туындысы көрермендерді бірден баурап алды. «Итальянка в Алжире» - Россинидің алғашқы ірі буфф операсы.
Француз жазушысы Стендалдың пікірінше, ол «буфф жанрының ең жоғары жетістігі». Увертюра қайталанбас әзілдің, ширақтықтың, бір-бірін алмастырып тұратын тақырыптардың тартымдылығы арқасында танымал болды.
Көрермендерге ұсынылатын екінші ауқымды еңбек - В. А. Моцарттың № 35 симфониясы немесе оны Хафнер симфониясы деп те атайды. Ол 1782 жылы Зальцбург бургомистрі Хафнердің үйінде болған отбасылық мерекеге арнайы жазылған. Көпшілік көрерменге бұл шығарма алғаш рет Венада 1783 жылғы 30 наурызда ұсынылып, қайталанбас әсер сыйлады. Ұшқындаған оптимизмге толы симфония әлі күнге дейін тыңдаушылардың сүйіспеншілігіне ие.
Сонымен қатар бағдарламада оркестрдің сүйемелдеуімен И. С. Бахтың гобой мен скрипкаға арналған, ре минор концерті орындалады. Солистер – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жәмиля Махпирова (Астана) және халықаралық байқаулардың лауреаты Анель Шакирова (Астана).
Скрипка мен альтқа арналған В. А. Моцарттың ми бемоль мажор концерттік симфониясын павлодарлықтарға Анель Шакировамен бірге республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, «Ішекті квартет» номинациясы бойынша камералық ансамбльдер арасындағы халықаралық конкурстың Гран-при иегері Ахмет Сұлтанов (Астана) ұсынады.
Дирижерлік пультте кеш қонағы – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының дирижері, Н. Тілендиев атындағы «Өз елім» ІІІ республикалық фестивалінің «дирижерлеу» номинациясы бойынша Гран-при және Астана қаласы әкімінің Кубогы иегері, Қеңес Одағының халық әртисі Мұқан Төлебаев атындағы «Алтын таяқша» атты V халықаралық дирижерлер байқауының жеңімпазы, «Құрмет» ордені иегері Руслан Баймурзин өнер көрсетеді.