Павлодарда Ұлттық валюта күніне арналған ауқымды нумизматикалық көрме ашылды
Дүйсенбіге дейін жалғасатын экспозициядан кейін музей Берел қорымына арналған жаңа көрмені ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Г. Потанин атындағы музейдің өлке тарихын ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы Гүлжайнат Әлиева ұлттық валютаның тәуелсіз Қазақстанның басты рәміздерінің бірі екенін атап өтті. Теңге енгізілмей тұрған кезеңде қолданылған айырбас құралдары көрмеде көпшіліктің қызығушылығын тудырған.
– Экспозицияда көне заттардың ішінде, тұз кесектері – ақша орнына қолданылған құндылық, бағалы аң терілері – айырбас құралы, ағаш және темір сандықшалар ақша сақтауға арналған, саудада қолданылған безбен, кірлер, есепшоттар, ХХ ғасырдың басындағы арифмометр, 1939 жылғы Мемлекеттік банктің тарихи фотосуреттері ұсынылады, – деді зерттеу бөлімінің басшысы.
Гүлжайнат Әлиеваның сөзінше, көрмеге павлодарлық нумизматтар өздерінің жеке коллекцияларынан құнды монеталар әкелді. Олардың ішінде: Ұлы Отан соғысындағы жеңістің мерейтойларына арналған монеталар, қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына арналған топтамалар, ғарыш жетістіктеріне арналған монеталар, мерейтойлық күміс және алтын монеталар ұсынылған.

Коллекционерлердің ішінде көпшіліктің назарын аударған – Валентина Куц. Ол нумизматика саласында 1968 жылдан бері айналысып келеді.
– Үйден бір күні алпысыншы жылдардағы монеталар салынған қорап тауып алдым. Әкеме «бұлар қайдан?» деп сұрасам, «Кеңес Одағының ақшалары» деді. Содан бастап монеталар әлеміне қызығушылығым оянды. Мектепте бәріміз айырбас жасайтынбыз – біреу тек көрсетем деп алып, қайтармай тастайтын кездер де болды, тіпті ұрыс-керіс те болып қалатын кездер болатын, – дейді ол.
Жасөспірім кезінде-ақ нумизматшы, Кеңес Одағының, мерейтойлық монеталарын, айналым монеталарын, тарихи серияларын жүйелі түрде жинай бастайды. Кейін көптеген елдердің ақшаларын да жинаған.
Ол Қазақстан күміс монеталарына қызығушылық 2009 жылдан басталғаннын еске алды.
– Банкке монета шығар күні түннен бастап кезекте тұратынбыз. Тізім жасап, бір-бірімізге кезекті тапсыратынбыз. Кейін пандемияда бәрі тоқтады, бірақ ұлттық банктің интернет-дүкені іске қосылған соң, қайтадан жалғастырдық. Бірақ, кейбір монеталардың тиражы өте аз дейді, – деді Валентина Куц.
Коллекционер тек отандық монетамен шектелмеген. Әлем елдерінің монеталарын да жинаған. Атап айтқанда, Польша, Корея, Ұлыбритания елдерінің монеталарын жинаған.

Валентина Куцтың сөзінше, бүгінгі таңда өзінің жалпы коллекциясында шамамен 1000-ға жуық монета барын, оның ішінде күміс, алтын, мерейтойлық, сирек нұсқалары бар.
Оның ең құнды топтамаларының бірі – «Түркілердің тотемдік жануарлары» сериясы. Әсіресе «Көк бөрі» монетасы қазір нарықта 1миллион 170 мың теңгеге дейін бағаланған.
«Ұлттық валюта – Тәуелсіздіктің нышаны» көрмесі демалыс күндері де ашық болады.