Павлодарда ұстаздар озық білім беру сапасын талқылады

Павлодарда ұстаздар озық білім беру сапасын талқылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мектепке дейінгі ұйымдар және бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған IІІ республикалық форум өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, білім беруді дамытудың инновациялық орталығы «Мектепке дейінгі және мектептегі білім берудің сабақтастығы: тәжірибе шеберханасы» тақырыбында ұйымдастырылған іс-шара мектеп және балабақша басшыларына, әдіскерлер мен тәрбиешілерге, мектепке дейінгі ұйымдар педагогтеріне және бастауыш сынып мұғалімдеріне арналды.

Форумға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қызметкерлері, ҚР ОАМ «Балаларды ерте дамыту институты», әдістемелік орталықтар мен кабинеттердің әдіскерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, Абай, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Алматы, Астана, БҚО облыстарынан мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері қатысты.

–   «Балабақша – жайлылық пен даму аумағы», «Бастауыш мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кеңістігіндегі тиімді педагогикалық технологиялар», «Даму, тәрбие және оқыту үдерісінде көзқарастарды өзгерту», «Инклюзивті білім беру жағдайында мектепке дейінгі және мектептік білім беру ұйымдарының сабақтастығын қамтамасыз ету» тақырыптық алаңдары педагогикалық қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын туғызды, – деді ұйымдастырушылар.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтері, бастауыш сынып мұғалімдері білім беру процесін ұйымдастырудың үздік тәжірибесімен танысты, балабақшада ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың тиімді тәсілдерін талқылады, мектепке дейінгі мен бастауыш білім беру қызметін тиімді ұйымдастырудың сабақтастығы бойынша тәжірибе жинақтады.

Форум жұмысының қорытындылары бойынша әдістемелік құралдар мен жұмыс дәптерлер жинағы электронды форматта шығарылады.