Павлодарда әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу мерзімі қысқарды

Павлодарда әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу мерзімі қысқарды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Қызметтер толықтай цифрлық форматқа көшірілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде әлеуметтік төлемдерді тағайындау және ұзарту үдерісі кезең-кезеңімен толық цифрландырылып жатыр. Бұл тұрғындарға қажетті көмекті жедел алып, құжат рәсімдеуге кететін уақытты едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедованың айтуынша, бүгінде республикалық бюджеттен төленетін зейнетақылар мен жәрдемақыларды мемлекеттік корпорация, электронды үкімет порталы немесе проактивті сервистер арқылы рәсімдеуге болады. Жалпы ведомство әлеуметтік қорғау бағытында 17 мемлекеттік қызмет ұсынады.

Биылғы жылдың алғашқы алты айында облыс тұрғындарына зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге қатысты 45 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 24 мыңнан астамы – алғаш рет тағайындалған, 19 мыңнан астамы – қайта қаралған істер. Ал заң талаптарына сәйкес 855 өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды, – деді департамент басшысы.

Қазір әлеуметтік төлемдердің 13 түрі проактивті форматқа көшірілген. Соның арқасында азаматтардың қағаз құжат жинау қажеттілігі азайып, қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.

Бұдан бөлек, төлемдерді ұзарту тәртібі де автоматтандырылған. Соның нәтижесінде өтініштерді қарау мерзімі бір күнге дейін қысқарып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік туған.