Павлодарда 10 жаңа бағдаршам орнатылады
Орнату орындары тұрғындардың ұсыныстары мен полицияның қорытындысы негізінде таңдалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Хасар Хабылбековтің айтуынша, қазіргі уақытта Катаев көшесіндегі мектеп-интернат жанындағы жаңа бағдаршам пайдалануға берілді. Нысан жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік қозғалысын реттеуге бағытталған.
– 20 маусымға дейін жоспарланған барлық бағдаршам нысандарын орнату жұмыстарын аяқтау көзделіп отыр. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде, – деді Хасар Хабылбеков.
Сонымен қатар қаладағы екі ірі қиылыстағы қолданыстағы бағдаршамдарға жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Назарбаев – Катаев және Академик Сәтбаев – Кривенко көшелерінің қиылыстарында ескі тіректер ауыстырылып, бағдаршам линзалары жаңартылып, техникалық жабдықтар жетілдіріледі.
Қала әкімінің айтуынша, жауапты қызметтерге барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылған.