Павлодарда 20 жастағы сатып алушы дүкенді лицензиядан айырды
Кәсіпкер рұқсат етілген жасқа жетпеген азаматқа сыра сатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 21 жасқа толмаған адамға алкоголь өнімін өткізу фактісі бойынша істі қарады. Бұл әрекет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы 1-бөлігіне сәйкес құқық бұзушылық болып танылады.
«Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабына сәйкес, бөлшек саудада алкоголь өнімін жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға өткізуге қатаң тыйым салынған. Мұндай талаптар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте де тайға таңба басқандай жазылған.
– Сот талқылауы барысында сатушының жұмыс орнында болып, сатып алушының жасын тексерместен, оған екі бөтелке сыраны заңсыз сатқаны сенімді түрде анықталды. Сауда жасалған сәтте сатып алушы небәрі 20 жаста болған. Сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды, атап айтқанда, құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалуын және кінәсін толық мойындауын ескере отырып, айыппұл көлемін 30 пайызға азайтты. Нәтижесінде кәсіпкерге 110 096 теңге сомасында айыппұл салынып, алкоголь өнімдерін сақтау және өткізу лицензиясының қолданысы бір ай мерзімге тоқтатылды, – делінген хабарламада.
Мамандар алкоголь өнімдерін сату кезінде сауда саласындағы тұлғалар сатып алушыдан жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге міндетті екенін ескертеді. Егер тиісті құжат ұсынылмаса, сатушы алкогольді сатудан бас тартуға құқылы.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.