Павлодарда 50 жылдан аса отасқан берекелі отбасылардың челленджі өтеді

Павлодарда 50 жылдан аса отасқан берекелі отбасылардың челленджі өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оған 25 жылдан аса отасқан шаңырақтар да қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық жиналыста облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов өңірімізде Наурыз мерекесі қалай тойланатыны туралы баяндады.

–  Мемлекет басшысы 2024 жылы мақұлдаған Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес жаңартылған форматта – Наурызнама онкүндігі аясында өткізіледі, – деді Әлнұр Сейдуманов.

Оның мәліметінше, мерекені 14 наурыз– «Көрісу – Амал мерекесі» аман-саулық сұрасып, ағайынмен кездесулер және игі тілектер күнінен бастап тойлайды.

15 наурыз – Қайырымдылық күні әлеуметтік игі істер марафоны өтіп, басына іс түскен азаматтарға нақты көмек беру ұйымдастырылады. Этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарыбалалар үйлеріне,шипажайдағыардагерлерге қайырымдылық іс-шараларын өткізеді.

Ал 16 наурыз – Шаңырақ күні отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналады. Әр өңірде ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанатын өткізіп, көпшілікке сыйлы ақсақалдар мен көпбалалы аналардың жас жұбайларға, тұтас елге бақ-береке тілеп, «Наурыз бата» беріледі.

–   Бұған қоса, көп жыл отасқан берекелі отбасыларды дәріптеу мақсатында әлеуметтік желілерде «Алтын шаңырақ» (50 жылдан аса отасқан берекелі отбасы) және «Күміс кереге» (25 жылдан аса отасқан берекелі шаңырақ) атты челлендж өтеді, – деді ол.

17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналады. Халық шеберлерінің көрмесі мен қолөнер жәрмеңкелерін, ұлттық тағам фестивальдері өтеді.

18 наурыз – Ұлттық киім күні мемлекеттік қызметшілер мен бағыныстағы ұйымдардың қызметшілеріне кеңседе заманауи стильдегі ұлттық киім киюі ұйымдастырылады.

19 наурыз – Жаңару күні «Наурыз – елдің заманауи тарихындағы ауқымды өзгерістерге жол ашқан жаңа саяси кезеңнің бастауы» деген идеологеманы бекіту үшін білім беру мекемелерінде танымдық сағаттары өтеді.

–  20 наурыз – Ұлттық спорт күні өңірдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. 21 наурыз – Мемлекет басшысының қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтауы мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Наурыз мейрамы – Ынтымақ мерекесі атты құттықтауларын жариялау жоспарланған, – деді ол.

22 наурыз күні өңірде этноауылдар мен жалпыға арналған мерекелік іс-шаралар концерттер, жәрмеңкелер, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар, шығармашылық байқаулар ұйымдастырылады.

23 наурыз – Тазару күнінде наурызнаманың қорытынды күнінде жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акциясы жоспарланған.

Аймақ басшысы мереке өткізуге байланысты ақпаратты таратып, ауқымды іс-шараларды сапалы түрде іске асыру үшін қоғам белсенділерін, ақсақалдарды, әжелерді, зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, ақылдасуды тапсырды. Сонымен қатар, қалалар мен аудандардың әкімдерімен бірлесіп, мереке өткізетін жерлерді 15 наурызға дейін безендіріп, мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастыру жайлы айтылды.