Павлодарда Абайдың аты берілген мектепте ұлы ақын мұрасы қалай дәріптеліп жүр?

Павлодарда Абайдың аты берілген мектепте ұлы ақын мұрасы қалай дәріптеліп жүр?
Фото: Константин Шелков

Бүгін – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы, ұлттық әдебиетіміздің негізін қалаушылардың бірі Абай Құнанбайұлының туған күні, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жыл сайын бұл күн еліміздің түкпір-түкпірінде ақынның шығармашылығын дәріптеу, оның мол мұрасын жас ұрпаққа танытуға бағытталған түрлі мәдени-танымдық іс-шаралармен аталып өтеді. Павлодар қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия үшін бұл күннің орны ерекше. Себебі білім ордасы ұлы ақынның есімін ондаған жыл бойы абыроймен алып келеді және Абай мұрасын оқушыларға жүйелі түрде танытуды білім беру үдерісінің негізгі бағыттарының біріне айналдырған.

Гимназия директорының әдістемелік және инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бағда Қазиеваның айтуынша, мектептің тарихы Абай есімімен тығыз байланысты.

Мектеп 1937 жылы ашылған. Ал 1940 жылы білім ордасына ұлы ақын Абай Құнанбайұлының есімі берілген. Осылайша, мектеп республика бойынша Абай есімін алған алғашқы білім беру ұйымдарының бірі болды. Биыл білім ордасы өзінің 90 жылдығына қадам басып отыр. Мектеп тарихының өзі бірнеше ұрпақтың Абай мұрасымен сусындап, ақын шығармашылығын танып өскенін көрсетеді.

– Абай атындағы мектеп болу – үлкен атақ қана емес, үлкен жауапкершілік. Сондықтан гимназия ұжымы үшін ақын есімін иелену Абай шығармашылығын оқыту және насихаттаумен ғана шектелмейді. Мұнда Абайдың адамгершілік, білім, ғылым, еңбек, тәрбие және рухани кемелдену туралы ойларын оқушылардың дүниетанымымен байланыстыруға басымдық беріледі, – дейді Бағда Қазиева. 

Гимназияның басты ерекшеліктерінің бірі – Абайтану бағытының жүйелі түрде жүргізілуі. Бұл жұмыс білім ордасында тәуелсіздік алған жылдардан бері үздіксіз жалғасып келеді.

1991 жылдан бастап мектепте «Абайтану» элективті курсы жүргізіле бастаған. Кейін бұл бағыт біртіндеп кеңейіп, қазіргі таңда мектеп оқушыларының білім алу жүйесінің маңызды бөлігіне айналды.

–  Абайтану тек белгілі бір гуманитарлық бағыттағы сыныптардың ғана пәні емес. Сыныптың бағыты математикалық немесе басқа да бағытта болғанына қарамастан, оқушыларға Абай шығармашылығын танытуға мүмкіндік беріледі. Бұл – Абай атындағы мектептің басқа білім беру ұйымдарынан ерекшеленетін тұстарының бірі, – дейді ол. 

Мектепте Абай сыныптары да жұмыс істейді. Олар қоғамдық-гуманитарлық бағытта білім алады. Басқа білім беру ұйымдарында Абайтану үйірме ретінде жүргізілсе, гимназиядағы арнайы Абай сыныптарында бұл бағыт жеке пән ретінде оқытылады. Оқушылар пән бойынша білім алып, бағаланады.

5-7-сыныптарда Абайтану аптасына бір сағаттан оқытылса, 8-11-сыныптарда аптасына екі сағат бөлінген. Оқушылар бұл пәннен білімдерін бағалау жұмыстарын орындап, БЖБ және ТЖБ тапсырады.

– Абайды тек ақын ретінде емес, оның бүкіл рухани әлемін, философиясын, адамгершілік құндылықтарын оқушы бойына сіңіру өте маңызды. Ең бастысы – оқушы Абай шығармашылығын жаттап қана қоймай, оның идеяларын түсініп, өмірімен байланыстыра білуі керек, – дейді Бағда Қазиева.

Гимназияда Абай мұрасын оқушыларға жан-жақты таныстыру үшін арнайы оқу-танымдық кеңістіктер де жасақталған.

Абайдың 175 жылдығына орай мектепте «Абайдың рухани әлемі» атты арнайы кабинет ашылған. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – Абайтану кабинеті.

Кабинетте ақынның өмірі мен шығармашылығына, рухани мұрасына қатысты көптеген мәлімет жинақталған. Мұндағы ақпараттар заманауи форматта ұсынылған. Абайға қатысты деректерді QR-кодтар арқылы да оқуға болады.

– Кабинеттің ерекшелігі – оның тек сабақ өткізуге арналған қарапайым бөлме емес, оқушыны Абай әлеміне жетелейтін танымдық орта ретінде ұйымдастырылуы. Мұнда ақынның шығармашылығымен қатар, оның ойлары мен философиялық көзқарастары да кеңінен қамтылған, – дейді ұстаз. 

Бұдан бөлек, мектепте арнайы Абай залы бар. Зал Абайтанушылардың еңбектері мен ақынның нақыл сөздері негізінде рәсімделген. Абай залында ақынның бала кезінен бастап қарттық кезеңіне дейінгі өмір жолы мен әр кезеңде айтқан тағылымды сөздері көрініс тапқан. Мұнда афоризмдер, нақыл сөздер және адамның рухани қалыптасуы мен кемелдену жолына қатысты ойлар қамтылған.

Абайдың адам болу, толық адамға айналу туралы философиялық тұжырымдары да залдың мазмұнына арқау болған. Адамның ата-анаға деген қарым-қатынасынан, балалық шағынан бастап, еркелік кезеңінен өтіп, біртіндеп кемелденіп, өз өмірінің иесі болуына дейінгі рухани жолы Абайдың сөздері арқылы көрсетілген.

Осылайша, оқушы Абай залында ақынның өмірбаянымен ғана танысып қоймай, оның адам тәрбиесі, мінез-құлық, білім мен ғылым, еңбек пен жауапкершілік туралы ойларын түсінуге мүмкіндік алады.

Бұдан бөлек, бірнеше жыл бұрын Президенттің бастамасымен әр өңірдегі Абай атындағы білім беру ұйымдарын біріктіретін республикалық Абай атындағы мектептер желісін дамытуға басымдық берілді. Әр облыста Абай атындағы жетекші мектептер мен гимназиялардың болуы көзделді.

Осы бастама аясында Павлодардағы білім ордасы да республикалық Абай мектептері желісінің құрамына енді. Бұған дейін мектеп дарынды балаларға арналған Абай атындағы лицей ретінде жұмыс істеген. Ал 2021 жылы білім беру ұйымы дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия болып өзгертілді.

– Бұл өзгеріс мектептің Абай бағытын одан әрі тереңдетуіне мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде Абай сыныптары ашылып, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы оқушыларға ақын мұрасын тереңірек зерттеуге жағдай жасалды. Абай мектебі болғаннан кейін гимназия оқушылары қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген байқаулар мен сайыстарға белсенді қатысып келеді. Әсіресе, Абай шығармашылығына, әдебиетке, ғылыми ізденіске және шешендік өнерге қатысты жобаларға ерекше мән беріледі, – дейді Бағда Қазиева. 

Абайтану сабақтарын негізінен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері жүргізеді. Сонымен бірге, арнайы үйірмелерге де мұғалімдер бекітіледі.

Биылғы оқу жылында мектепте шамамен 570-575 оқушы білім алмақ. Олардың арасында Абайдың өлеңдерін жатқа оқитын, қара сөздерін талдайтын, ғылыми жобалар жүргізетін, олимпиадаларға қатысатын және ақын шығармашылығын шығармашылық тұрғыдан зерттейтін оқушылар бар.