Павлодарда алаяқтар 90 жастағы зейнеткердің 13 млн теңгесін алып кетті
Белгісіз тұлғалардың жеке басы мен орналасқан жері анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 маусым күні түстен кейін белгісіз ер адам 90 жастағы зейнеткердің қалалық телефонына қоңырау шалып, қызының адам қағып кеткенін және әртүрлі жарақаттармен ауруханада жатқанын айтқан. Әрі қарай қызын қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы мәселені шешу үшін «Руслан» есімді жігітке ақша беру керек екенін айтқан.
Біраз уақыттан кейін зейнеткердің үй телефонына қобалжыған дауыспен «жол апатына ұшырадым, маған шұғыл түрде 20 миллион теңге көлемінде ақша керек» деген қызының дауысына ұқсас әйел хабарласқан. Зейнеткер қоңырау шалған адамның дауысын ажырата алмай, қызының шынымен қиын жағдайға тап болғанына сеніп қалған.
– Зейнеткер өзінің барлық жинақтары мен зейнетақысын – 13 миллион теңге сомасында жинаған. Көп ұзамай есікке қоңырау шалған белгісіз адам кіріп, өзін «Русланмын» деп таныстырған соң ақшаны санап, алып кеткен. Қазіргі уақытта белгісіз тұлғалардың жеке басын және орналасқан жерін анықтау үшін жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Павлодар облысының жеке құрамы бағдарланған, – деп хабарлайды Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.
Айта кетейік, жыл басынан бері жалпы 25 млн теңге қаражат берген тоғыз павлодарлық осындай схема бойынша алаяқтардың қармағына түскен.
Барлық фактілерге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі.