Павлодарда алғаш рет кешкі бәйге өтеді

Павлодарда алғаш рет кешкі бәйге өтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауқымды спорттық шараға дайындық қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.

— 4 шілде күні жаңа Ertis Pavlodar ипподромында бәйгеден Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңі өтеді. Қаламыздың тарихында алғаш рет ат жарысы кешкі уақытта ұйымдастырылмақ.  Ауқымды спорттық шараға дайындық барысын тексердім. Барлық жұмыс жоспарға сай жүргізілуде. Жарықтандыру жүйесін орнату аяқталуға жақын. Қатысушылар мен көрермендер үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Кешкі бәйгені ыңғайлы тамашалау үшін ипподром аумағына LED-экрандар орнатылады, - деді қала әкімі. 

Шаһар басшысының айтуынша, қонақтарды павлодарлық өнер ұжымдарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама, сондай-ақ сауда павильондары күтеді.

Алғашқы кешкі бәйге өңіріміздегі ат спортының дамуына серпін беріп, Павлодардың спорт өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналатынына сенім білдірген Хасар Хабылбеков жауапты қызметтерге дайындық жұмыстарын жоғары деңгейде аяқтауды тапсырды.