Павлодарда «AMANAT» партиясы ардагерлерімен кездесу өтті

Павлодарда «AMANAT» партиясы ардагерлерімен кездесу өтті
Фото: облыстық «AMANAT» партиясынан

Іс-шараға партияның Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай мен филиалдың атқарушы хатшысы Николай Дычко қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жылы әрі мазмұнды форматта өткен кездесуде ардагерлер партияның бүгінгі даму қарқыны туралы ойларын ортаға салып, ұйым жұмысының өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайту, жастарды партиялық процестерге белсенді тарту жолдары сөз болды.

Шара барысында партиялық жобаларды жүзеге асыруға ардагерлердің қатысу мүмкіндіктері қаралып, тәжірибелі мүшелерді белгілі бір бағыттар бойынша тәлімгер, кеңесші немесе қоғамдық сарапшы ретінде бекіту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Филиал төрағасы Асылбек Туғанбай ардагерлердің партиядағы рөлін ерекше атап өтті. 

– Біздің ардагерлер – партияның рухани және идеялық тірегі. Олардың өмірлік тәжірибесі мен жігері – партияның қағидаттары мен мақсаттарына адалдықты сақтай отырып, алға жылжуымызға мүмкіндік беретін баға жетпес ресурс, – деді ол.

Кездесу қорытындысында ардагерлермен жұмысты жүйелі түрде күшейту және олардың партиялық бастамаларға қатысуын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар қабылданды.