Павлодарда ауыл балаларына шахмат үйреткен ұстазды еске алды

Павлодарда ауыл балаларына шахмат үйреткен ұстазды еске алды
Фото: Татьяна Сартакова

Қинаш Алдажаров атындағы облыстық шахмат фестивалі биыл мерейтойлық 20-шы рет өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы Шахмат үйінде Қинаш Алдажаровты еске алуға арналған дәстүрлі шахмат фестивалі басталды. Жарыс Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан жас спортшылар мен шахмат ардагерлерін жинады.

Биыл турнирге 60-қа жуық бала мен жасөспірім қатысып жатыр. Шахмат ардагерлері жеке топта сынға түседі.

Қинаш Алдажаровтың үлкен ұлы Арсен Қинашевтың айтуынша, фестивальді әкесінің көзі тірісінде онымен бірге шахматты дамытуға атсалысқан достары мен әріптестері құрған. Жарыс алғашқы күннен-ақ облыстық деңгейде ұйымдастырылған.

Оның бастамашыларының бірі – павлодарлық шахматшыларды жаттықтырып, өңір атынан республикалық жарыстарға қатысқан гроссмейстер Валентин Захаров.

– Балалар да, әкемді көзі көрген шахмат ардагерлері де бұл турнирді жыл сайын күтеді. Мұнда балалар шеберлігін шыңдап, турнирлік тәжірибе жинайды, пікірлес достар табады. Біз де Қинаш Алдажаровтың балалары ретінде жарыстың өміршең болып, әрі қарай дамуына қолдау көрсетуге тырысамыз, – деді Арсен Қинашев.

Қинаш Алдажаров өмір бойы Ертіс ауданы Қарақұдық ауылындағы мектепте физика және математика пәндерінен сабақ берген. Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі атанған ұстаз білім берумен қатар аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде шахматтан жаттықтырушы болып еңбек еткен.

Ол ауыл балаларын шахматқа баулып, командаларын облыстық және республикалық жарыстарға алып барған. Арсен Қинашевтың айтуынша, сол жылдары Қинаш Алдажаровпен бірге жұмыс істеген ауыл мұғалімдері мен жаттықтырушылары балалар шахматын дамытуға ерекше көңіл бөлген. Өздері де түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, Ертіс ауданының шахмат мектебінің беделін көтеруге атсалысқан.

– Әкем бүкіл өмірін ауыл мектебінде физика мен математикадан сабақ беруге арнады. Сонымен бірге шахматтан жаттықтырушы болды. Оның шәкірттерінің арасында қазір де шахматты дамытып жүрген азаматтар бар. Тіпті басқа облыстарда жеке шахмат мектептерін ашқандары да бар. Яғни ұстаздарының ісін әрі қарай жалғастырып келеді, – деді ол.

Қинаш Алдажаровтың бес ұлы мен бір қызы бар. Отбасында барлығы шахмат ойнайды. Балалары әкесін еске алуға арналған фестивальге жыл сайын қолдау көрсетіп, жас шахматшыларға арналған жүлде қорын қаржыландыруға атсалысады.

Арсен Қинашевтың сөзінше, фестиваль жыл сайын тұрақты ұйымдастырылып келгенімен, түрлі жағдайларға, соның ішінде пандемияға байланысты үзілістер болған. Соған қарамастан биыл жарыс 20-шы рет өтіп отыр.

Мерейтойлық турнир тоғыз турдан тұрады. Алғашқы күні бес, екінші күні төрт тур өткізіледі. Ұлдар мен қыздар жеке есепте ойнайды.

Жас қатысушылардың бірі – Павлодардағы №5 мектептің 14 жастағы оқушысы Айлана Алимтаева. Ол шахматпен бір жарым жылдан бері айналысады. Қызды алғаш рет Шахмат үйіне ата-анасы алып келген.

– Шахмат маған бірден ұнады. Ол тәртіпке үйретіп, ойлау қабілетін дамытады. Сабақты да үздік оқимын. Әртүрлі турнирлерге қатысып, тәжірибе жинауға тырысамын, – деді Айлана.

№29 мектептің оқушысы Адия Данкина да жарысқа қатысып жатыр. Ол шахматпен бір жылдан бері айналысады. Бұл спортқа қызығуына әкесі себеп болған.

– Әкем де шахмат ойнайды. Мені шахматқа сол кісі алып келді. Шахмат ойлау қабілетін дамытып, математикаға көмектеседі. Қазір менің медалім мен грамотам да бар, – деді Адия.

Қинаш Алдажаров атындағы фестиваль Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізіліп жатыр. Арсен Қинашевтың айтуынша, жарыстың басты мақсаты – тек жеңімпаздарды анықтау емес, балаларға турнирлік тәжірибе беріп, шахматқа қызығушылығын арттыру және ауылдық жерлерде осы спортты дамытқан ұстаздардың ісін жалғастыру.

Бұған дейінгі фестивальдерге Павлодармен қатар Екібастұз, Железин және Ертіс аудандарының жас шахматшылары мен ардагерлері қатысқан. Осылайша, жиырма жыл ішінде мемориал бірнеше буын шахматшыларын біріктіретін дәстүрлі облыстық жарысқа айналды.