Павлодарда білімге арналған ІТ-шешімдер таныстырылды

Жобалардың басты мақсаты – елдің білім беру жүйесін заманауи техникамен қамтамасыз ету, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Павлодарда өткен облыстық тамыз конференциясында елордалық «IQ» компаниялар тобы өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды. Білім беру саласын цифрландыру, оқыту процесіне заманауи технологияларды енгізу және мұғалімдердің жұмысын жеңілдету – компанияның басты миссиясы.
Компания құрылтайшысы Анхан Мұратбек атап өткендей, топ құрамына үш ірі жоба кіреді. Біріншіден, компьютерлік жабдықтар өндірісі – интерактивті панельдер, моноблоктар, ноутбуктер және дербес компьютерлер құрастыру. 2026 жылдан бастап Қазақстанда аналық платалар мен қуат көздерін блок питания толық өндірісі жолға қойылады. Бұл – отандық ІТ-индустрия үшін маңызды қадам.
Екіншіден, «Кибер Формула 3» компаниясы мұғалімдер мен оқушыларды жаңа технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдануға үйрету. Сонымен қатар, киберқауіпсіздік және цифрлық гигиена бағытында арнайы курстар ұйымдастырылады.
Үшінші кезекте, «5 Bit» компаниясы, білім беру саласындағы басқару жүйесін автоматтандыру. Жоба аясында мұғалімдердің күнделікті есеп-қисабын азайтып, әкімшілік жұмыстарды жеңілдететін бағдарламалық жасақтама әзірленуде.
Анхан Мұратбек өнімдердің ерекшелігін былай деп түсіндірді.
– Қазіргі таңда біз жабдықтарды ғана өзіміз құрастырамыз, алдағы жылдан бастап толық өндіріс іске қосылады. Бүгінде үш жылдық кепілдік беріп отырмыз, болашақта бес жылға дейін созуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қазақстанда жасалған өнім. Ол мұғалімдерге де, балаларға да тиімді. Ең бастысы елдің білім беру жүйесін заманауи техникамен қамтамасыз ету, – деді ол.
Жаңа әзірленіп жатқан жасанды интеллект платформасы да ұстаздар қауымының қызығушылығын тудырды. Мысалы, платформа Kundelik.kz қосымшасындағы үй тапсырмаларын автоматты түрде тексеріп, құжаттарды рәсімдеуде көмек көрсетеді. Дегенмен соңғы бақылауды әрқашан мұғалім жүргізеді. Жоба 2026 жылдың шілде айында қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.
– Біздің мақсатымыз мұғалімдердің уақытын құжат толтыруға емес, балаларды оқытуға жұмсауына мүмкіндік беру. Әкімшілік те әрбір оқушының үлгерімін бақылап, қай салаға бейім екенін талдай алады. Бұл білім беру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі қадам, – деді компания құрылтайшысы.
Компания бүгінде Астанада орналасқанымен, Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді. Жергілікті педагогтар компания ұсынған жаңа мүмкіндіктермен танысып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.